Қазақстанда көпбалалы аналарға қандай көмек көрсетіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда құрметті атаққа ие болған 237 мың анаға мемлекет жыл сайын 45 млрд теңге төлейді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, елімізде өз кәсібін ашқысы келетін әйелдер кәсіпкерлігін қолдайтын әртүрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. 2018 жылы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 3033 әйел шағын несие және 1243 әйел жаңа бизнес идеяларын дамытуға 100 АЕК көлемінде грант алды.

Мемлекет көп балалы аналарға ерекше көңіл бөледі. Онда бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

Әрбір көпбалалы анаға, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алғандарға немесе бұрын «Батыр Ана», 1 және 2 дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталғандарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл жәрдемақы өмірбақи және ана зейнеткерлікке шыққан күнде де тоқтатылмайды, сондай-ақ ол оның табысынан тыс беріледі.

«Жәрдемақының көлемі 16 160 теңгені (6,4 АЕК) құрайды және жыл сайын инфляция деңгейінде белгіленеді. Бұл жәрдемақы құрметті атаққа ие болған аналарға беріледі. Сондықтан ол төменгі күн көріс деңгейіне байланысты емес. Бүгінде Қазақстанда мұндай құрметті атақ 237 мың анаға берілді. Жыл сайын осы төлемге бюджеттен 45 млрд теңге бөлінеді», - деп атап өтеді ведомстводан.

Министрлік мәліметінше, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» атағын алған көпбалалы аналар көлік құралдары салығынан және жер салығынан, тұрғылықты жерін тіркеу барысында, төлқұжат және жеке куәлік алуда нотариалдық және заңгерлік маңызы бар қызмет түрлері үшін мемлекеттік баждан босатылған.

«Кәмелет жасына толмаған 4 және одан көп баласы бар көпбалалы отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Өткен жылы 271 мың отбасы осындай жәрдемақы алды. Жалпы сомасы 32,8 млрд теңгені құрайды. Зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесінде 5 және одан да көп бала туған аналар 53 жасында зейнеткерлікке шығуға құқылы», - деп атап өтеді министрліктен.

Соңғы жаңалықтар