Қазақстанда композиттік материалдан көше бағаналарын жасайтын зауыт іске қосылды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада шыныпластиктен инновациялық көше шамдары бағаналарын жасайтын зауыт өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Соңғы инновациялық құрылғылармен жабдықталған «Maxvidl» ЖШС шыныпластик (құрамы әйнек және синтетикалық байластырушы полимерден тұратын композиттік материал) зауыты бағаналарды әртүрлі формада дайындайды. Еуропалық стандартқа сай дайындалатын бағаналар қатты соққыға төтеп береді және сыртқы көрінісі эстетикалық талғамға сәйкес келеді. 

Мамандардың айтуынша өнімнің пайдалану мерзімі 100 жылға жетеді. Жобаның жалпы инвестициялық құны 1 млрд теңгені құрайды. Зауыттың жыл сайын 10 мыңға дейін бағана шығару мүмкіндігі бар.

«Зауыттың инновациялығынан бөлек басты ерекшелігі - жан-жақтылығы, яғни шыныпластиктен басқа, электр жарығын тарту желісінде сол сияқты диаметрі 1 200 мм болатын мұнай саласына пайдаланылатын құбырлар мен цистерналарды әзірлеуге болады. Сонымен қатар еліміз бойынша шыныпластиктен көше бағаналарын жасау алғаш рет қолға алынып отыр, бізде негізінен өздеріңіз білетіндей барлығы темірден жасалады. Жоба Ресейдің «Машспецстрой» ЖШҚ-мен бірігіп жүзеге асырылды және шикізат көзі де сол елден әкелінеді. Зауыт бүгінде 40 адамды жұмыспен қамтуда»- деді «Maxvidl» ЖШС зауытының директоры Асхат Рахымов.   

Оның айтуынша, аталған өнімді жасау қымбатқа түскенімен ол экологиялық жағынан таза әрі оны шығаруда технологиялық шығын азға түседі. Және өнімді алдағы уақытта ішкі нарықтан бөлек, алыс-жақын шетелдерге экспорттау жоспарлануда.

Аталған жоба, Астана қаласының инвестиция және өнеркәсіпті дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен және «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Айта кетсек, Елбасы өзінің биылғы 5 қазандағы Жолдауында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керектігін және соның негізінде алдағы 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға тапсырма берген болатын.   

Соңғы жаңалықтар