Қазақстанда комплаенс-қызметі не үшін қажет – маман жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде квазимемлекеттік және жеке секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметін енгізу белсенді жүріп жатыр. Осы орайда аталған қызметтің мақсаты мен оның не үшін қажет екендігі туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ-ның комплаенс қызметінің басшысы Дәурен Ақшалов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Комплаенс-қызметі ұғымы бізге шетелден келген. Ол сәйкестік деген мағынаны білдіреді. Аталған қызметтің мақсаты – халықаралық заңнамалардың сәйкестігін тексеріп, мониторинг жүргізу. Сол сияқты талдау жасау. Одан бөлек, комплаенс-қызметі әдеп кодексінің бұзылуы мен сыбайлас жемқорлық әрекетіне жол бермеумен күреседі. Сонымен қатар бұл қызмет бұрынғы КСРО елдері арасында Қазақстанда алғаш енгізіліп отыр», - деді Дәурен Ақшалов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен AntikorLive жобасының эфирінде.

Оның айтуынша, бүгінде комплаенс-қызметі еліміздің квазимемлекеттік ұйымдарында енгізіліп жатыр.

«Осы қызметтің тағы бір маңыздылығы Қазақстанға инвестицияға құюға қызығушылық танытқан кез келген инвестор, алдымен екі мәселені анықтап алады. Бірінші, бизнесті дамытуға қандай жағдай жасалған, екінші сыбайлас жемқорлық қаупін жою қалай реттелген. Міне осы тұста комплаенс-қызметінің рөлі ерекше. Соған қоса биыл Мәжілісте еліміздегі комплаенс-қызметін тәуелсіз ету мәселесін көтердім. Яғни комплаенс-қызметкері ашық әрі еркін жұмыс істеуі қажет», - дейді ол.

Айта кетсек, квазимемлекеттік компанияларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті енгізу өткен жылдың соңында заңнамалық тұрғыда міндеттелді.


Соңғы жаңалықтар