Қазақстанда Көліктік бақылаудың интеллектуалды жүйесі пайда болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы уақытта Қазақстанда Көліктік бақылаудың интеллектуалды жүйесі іске қосылады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автомобиль көлігі саласында көліктік бақылау учаскесін цифрландыру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көліктік бақылаудың интеллектуалды жүйесін құру және енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр», - делінген А. Маминнің депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, жүйе жолаушы және жүк тасымалдайтын автокөлік құралдарының қашықтан жүріп өтуін жүзеге асыра отырып (электронды көлік және рұқсат құжаттарын тексеру, рұқсат етілген салмақ-габариттік параметрлердің сәйкестігі және т.б.), құқық бұзушыларға айыппұл төлеу туралы нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастырады әрі жібереді. Бұл бағыттағы қадамдар көліктік бақылауды жүзеге асыру кезінде адами факторды болдырмауға бағытталған.

«Жүйені құру бойынша іс-шара 2023 жылы іске асыру мерзімімен «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасына енгізілген. Қазіргі уақытта Жүйені құруға инвестициялық ұсыныс пен техникалық тапсырманы әзірлеу мәселесі қарастырылып жатыр», - деді Үкімет басшысы.

Еске сала кетейік, сенатор Нұрлан Қылышбаев еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында кәсіпкерлердің Қытаймен шекара арқылы тауар тасымалдау кезінде кездесетін мәселелерін көтерді.


Соңғы жаңалықтар