Қазақстанда қоқысқа тасталатын теріден түріктер желатин өндірмек

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түрік компаниясы Қазақстанда мал терісін өңдейтін және желатин өндіретін зауыт салмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Түркияның Iskefe Holding компаниясы Алматы қаласында компанияның желатин өндіру зауытын салуды инвестицияламақ. Жоспарланған инвестиция көлемі 27 млн АҚШ доллары. Жоба 2022-2023 жылдар аралығында іске асып, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Кәсіпорын индустриялық аймағында іске қосылады, ал шикізат ретінде ірі қара мал терісі пайдаланылатын болады.

Зауыт құрылысы биыл басталып, 2023 жылы пайдалануға беріледі деп болжанып отыр, өндіріс қуаты жылына 7000 тонна желатинді құрайды.

«Елімізде теріні бастапқы өңдеу бойынша 9 кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ, өңдеуші кәсіпорындар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ірі қара малдың өңделмеген терілерін сатып алу үшін бәсекеге қабілетті баға ұсына алмауда. Осыған байланысты ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тауарды мүмкіндігіне қарай экспорттайды. Ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтар жануарлардың терісін қоқысқа тастайды, ал бұл өз кезегінде аса қауіпті ауруларының таралу қаупін тудырады. 7000 тонна желатинді өңдеу үшін шамамен 38 мың тоннаға жуық шикізат (тері) қажет», - делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетсек, бұл келісімге ҚР Президентінің Түркияға жасаған сапары барысында қол қойылған. Жалпы былтыр Түркияның Қазақстанға тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жеткен. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Түркиямен арадағы келісімдерді жүзеге асыру жеке бақылауымда болатынын айтты.




Соңғы жаңалықтар