Қазақстанда қоқыс өртеуден электр қуатын өндіретін 6 кешен салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоқыс өртеп, энергия алатын «Waste to Energy» жобасын қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

«Қоқысты өртеу арқылы электр энергиясын алып, электр желілеріне жібереді. Бұл жоба полигондарға көмілетін қоқыс көлемін айтарлықтай қысқартып, салаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жоба бойынша 6 пилоттық қоқыс өртейтін кешен салу қарастырылған», - деді министр ҚР Парламенті Сенатында «Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және өңдеу» тақырыбындағы Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, 2025 жылға дейін термиялық жою үлесін 30% жеткізу жоспарланған. Бұл Еуропалық одақтың орташа үлесіне сәйкес келеді.

«Қазақстандағы қоқыс өңдеу секторын дамытқысы келетін ықтимал инвесторлар тізімі бар. Бұл шаралар күресіндерді жоюға, полигон салуға жұмсалатын бюджет шығындарын азайтып, экологияға, адам денсаулығына, флора мен фаунаға келетін нұқсанды төмендетеді», - деді М. Мырзағалиев.

Еске сала кетсек, бұған дейін министр елдегі қоқыс полигондарының жай-күйін айтып берді.

Соңғы жаңалықтар