Қазақстанда қоғамдық әжетхана мәселесі 2023 жылы шешілуі мүмкін

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның негізгі туристік орындарында 493 қоғамдық әжетхана жетіспейді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев туризм қауымдастығының өкілдерімен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министрдің сөзінше, дәретханаларды жергілікті атқарушы органдар салуы керек.

«Қаладағы әжетханаларды қаланың өзі, ал ұлттық парктерде – ұлттық саябақ немесе инвестор салуы керек. 2020 жылы біз Қазақстанның ең үздік 10 туристік бағытына зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде 493 әжетхана керек екені анықталды. Сол уақытта пандемия басталып, қонақүйлер жабыла бастады. Бірінші кезекте жұмыс орындарын сақтау мәселесі туындады. Өйткені барлық жерде қысқарту болды. Кейін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы әзірленді. Соның аясында әкімдіктерге әжетхана салуды ұсындық»,- дейді ол.

Айтуынша, жол картасының арқасында 493 әжетхананың 158-і салынды.

«Алайда олар желілерге қосылмаған. Жабық тұр. Әлбетте, жабық әжетхана көп сынға ұшырайды. Неге? Себебі, бізде әжетхана шығыны мен оны күтіп ұстайтын қызметкерлерге арналған бюджеттік бағдарлама жоқ», - дейді Ержан Еркінбаев.

Вице-министр бүгінде мемлекет санитарлық- гигиеналық тораптарды ұстауға айына 83 мың теңге көлемінде субсидия бөле алатынын айтты.

Ол үшін әкімдіктер өтініш беруі керек.

«Біз әжетхана мәселесін үш рет жоғары деңгейде талқылауға шығардық. Енді осы 493 дәретхана әр әкімдікке нормативті түрде бекітілді. Бұл бағдарлама 2025 жылға дейін іске асуы керек еді, бірақ біз оны 2023 жылдың жазына дейін шешеміз деп ойлаймын», - деп қосты ол.



Соңғы жаңалықтар