Қазақстанда кірпіш шығаратын 14 зауыт салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылдың соңына дейін Қазақстанда кірпіш шығаратын жаңа 14 зауыт салынады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір арматур өндіретін жаңа 3 зауыт салынып жатыр, соның есебінен 100 пайыз отандық нарық қамтамасыз етіледі. Ал кірпішке келсек, бүгінде елімізде 1 ірі, 11 орташа және 276 шағын кірпіш шығаратын кәсіпорын бар. Олар 2 түрлі кірпіш жасайды, силикат және керамикалық. Қазіргі уақытта аталған өнеркәсіптер ішкі нарықты 62 пайызға кірпішпен қамтамасыз етіп отыр. Оның үстіне былтырмен салыстырғанда биыл кірпіш өндіру көлемі 2 есеге артып отыр. Елдегі сұранысты толық қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдың соңында дейін елімізде кірпіш шығаратын жаңа 14 зауыт салу жоспарланып отыр. Оның қуаты жылына 440 млн дана кірпіш шығара алады. Сонда отандық нарықты толықтай өз өнімімізбен қамти аламыз», - деді Қ. Өскенбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, вице-министр еліміздің импортқа тәуелділігін азайту және құрылыс материалдары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында министрлік 2021-2025 жылдарға арналған құрылыс индустриясын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаны қабылданғанын тілге тиек етті.

Сол сияқты Қ. Өскенбаевтың айтуынша, Қазақстанда сұранысқа ие құрылыс материалдары мен оның бағасына талдау жүргізілді.

Бұған дейін министрдің бірінші орынбасары елімізде тұрғын үй құрылысына құйылатын инвестиция көлемінің өскенін айтты.



Соңғы жаңалықтар