Қазақстанда киім өндірісі 7,5 пайызға артты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы 10 айда Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 18,9 пайызға өсіп, 87,5 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тоқыма бұйымдары 23,7 пайызға, ал киім-кешек өндірісі 7,5 пайызға артты. Жеңіл өнеркәсіп саласы үш негізгі топты біріктіреді, яғни тоқыма өнеркәсібі - 52%, киім-кешек өндірісі - 38%, сондай-ақ, былғары және оған қатысты өнімдер 10% құрайды. 2019 жылғы 1 қыркүйектегі көрсеткіштер бойынша жеңіл өнеркәсіп бағытында 1030 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 96% - бұл шағын кәсіпорындар, қызметкерлердің тізімдік саны шамамен 11 мың адам. Елімізде жеңіл өнеркәсіп бағытында жұмыс істейтін кәсіпорындар ұлттық компаниялар, денсаулық сақтау саласындағы ұйымдарға, Қазақстанның Қарулы Күштері мен тәртіп сақшыларына, сондай-ақ қарапайым халыққа арналған киімдерді шығарады», - делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінде.

Олардың қатарында сырт киімдер, ерлерге арналған костюмдер, балалар киімі, бас киім, үй тоқымасы және аяқ киімдер бар. Бұдан басқа, отандық кәсіпорындар мақта-мата иірілген жіптер мен маталар, кілем, былғары өнімдерін халыққа ұсынады.

2018 жылы 5 жаңа жоба пайдалануға берілді, олардың қатарындағы екі бастама «Оңтүстік» АЭА-да орналасқан. Жаңа кәсіпорын 400-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, 2019 жылы кілем және кілем бұйымдарын шығаратын «Бал тоқыма» ЖШС-нің жобасы іске қосылып, 45 жұмыс орны ашылды.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазанындағы халыққа жолдауын жүзеге асыру аясында Үкімет мүшелері қолжетімді несиелендіру қаулысын қабылдаған болатын. Бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктер жеңіл өнеркәсіп бағытындағы жалпы сомасы 4,3 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны қолдады.

Сонымен қатар, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 – 2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша жол картасын әзірледі.

Соңғы жаңалықтар