Қазақстанда киім-кешек бағасы қаншалықты қымбаттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде киім өндіру көлемі артып келеді, алайда бұл өндірістер нақты тұтыну деңгейінің тек аз мөлшерін ғана қамтып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат energyprom.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

«Толық емес бір жылда (11 айда) Қазақстанға 576 млн доллардың киімі импортталды. Өткен жылы Қазақстанда 42,34 млрд теңгенің киімі шығарылып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдан 19,8 пайызға артық. Инфляцияны ескере отырып, өнеркәсіптік өндірістің нақты өсімі 8,2 пайызға жетті» делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, өндірілген өнімнің жартысына жуығы Алматы облысына (9,51 млрд теңге), Шымкент (4,76 млрд теңге) пен Алматы 6,08 млрд теңге) қалаларына тиесілі.

Атап айтқанда, заттай мәнде сыртқы трикотаж киімі (85 пайызға), шұлық бұйымы (43,6 пайызға), бас киім (36,9 пайызға), теріден жасалған өнімдер (27,2 пайызға), сондай-ақ тоқыма жылы киімдер, жемпір және өзге де өнімдер (21,5 пайызға) өндірісі айтарлықтай өсті.

Сонымен бірге, саладағы елеулі өсімге қарамастан, жергілікті өндірістің үлесі қажеттілік деңгейін толық қамтымай отыр.

Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша сырт киім сегментінде отандық компаниялар сұраныстың тек 1,9 пайызын, ішкі киім сегментінде – 1,1 пайызын, тоқыма киім мен жемпірлер бойынша 2,1 пайызын жапты. Шұлық өндіру бағытында ғана жағдай біршама жақсы болды, отандық өндірушілер сұраныстың 9 пайызын қамтуға қауқарлы болды.

2019 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанға 576,1 млн АҚШ долларына киім мен трикотаж әрі текстильден жасалған заттар импортталды. Осы орайда ТМД елдері арасында негізгі жеткізушілер ретінде Ресей мен Өзбекстан болды, ал өзге мемлекеттер арасында Қытай, Түркия және Бангладеш тіркелді.

Өткен жылдың 12 айында киім бағасы 7,1 пайызға өсті. Нақтырақ айтқанда, ерлер киімі - 7,3 пайызға, әйелдер киімі – 6,7 пайызға, ал балалар киімі 7,6 пайызға қымбаттады. Теріден жасалған бас киімнің құны 6 пайызға, галантерея тауарларының бағасы 7 пайызға өсті.


Соңғы жаңалықтар