Қазақстанда киік төлдеген жаңа жерлер анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы киіктердің барлық үш популяциясының төлдеу мониторингін жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қауымдастықтың баспасөз қызметі хабарлағандай, мониторинг жұмыстарын үш далалық топ 10-20 мамыр күндері жүргізген.

«Биыл 10 жылда алғаш рет үстірт бөкендерінің төлдеген орындарын таптық. Үстірт популяциясы саны жағынан ең аз (2017 жылы 2700 бас) және алдыңғы жылдары іздеу жұмыстары нәтижесіз аяқталған еді. Биыл спутниктік қарғыбаулар көмегімен мамандар 300 киік топтасқан жерді тапты. Онда жаңа туған 57 төл табылып, 43-іне сырға тағылды», - деді экологтар.

Бетпақдала популяциясындағы киіктердің төлдеуі Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватында жүрген. Онда 10 мыңнан астам киік табылып, 220 құралайдың құлағына ен салынды, салмағы мен бойы өлшенді. Сондай-ақ, ауруға зерттеу жүргізу мақсатында биоматериалдар сынамасы алынды. Орал популяциясының төлдеу сараптамасы төрт жерде жүргізіліп,  620 құралай тіркелді.

«Жалпы мониторинг жұмыстары сәтті жүргізілді. Киіктер жылдан-жылға көбейіп келеді. Келесі жылы киіктер саны едәуір ұлғаяды деп үміттенеміз», - деді «Алтын Дала» табиғатты қорғау бастамасының халықаралық үйлестірушісі Штеффен Цутер.

Дала зерттеулерінің соңында сарапшылар тобы БҚО Жәнібек ауданындағы Борсы кентінде Қараша мектебінің оқушыларымен және ұстаздарымен кездесті. Балалар киіктер санын қалпына келтіру, табиғатты зерттеу туралы өз сұрақтарын қойды. Сондай-ақ, мектеп әкімшілігі «Киік достары» клубын құру бастамасын көтерді.

Соңғы жаңалықтар