Қазақстанда «Kids Go Free» жобасы қалай жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елімізде «Kids Go Free» жобасы пилоттық режимде іске қосылды. Аталған бағдарлама 2-17 жастағы балалар мен жасөспірімдерге ел ішінде саяхат жасағанда тегін ұшуға мүмкіндік береді. Осы орайда жаңа жобаның тиімді және тиімсіз тұстары туралы ҚазАқпарат тілшісі «Kazakh Tourism» АҚ ұлттық компаниясының басқарушы директоры Даниель Сержанұлымен тілдескен еді.

«Kids Go Free» жобасының атауына қарап көбісі шатастырып жатады. Яғни атауында «бала» сөзі болғандықтан тек қана балаларға арналған деп ойлайды. Ал негізінде «Kids Go Free» отбасылық туризмді дамытуға арналған бағдарлама. Иә, аталған жоба тікелей балаларға қатысты, дегенмен олар саясаттағанда қасында ата-анасы, бауыры немесе басқа да жақын адамдар болады. «Kids Go Free»-ге қатысты екінші жайт, бұл бағдарламаны саяхаттау турын салалық фирма немесе туристік операторлардан сатып алғанда ғана қолдануға болады. Демек отбасы өздіктерінен саяхаттап жүрсе, бұл мүмкіндікті қолдана алмайды. Міндетті түрде тур сатып алуы тиіс», - деді Даниель Сержанұлы.

Бүгінде «Kids Go Free» бағдарламасын қолдануға 80 өтініш келіп түсті. Оларды балалардың санына шаққанда 150-ге жетіп қалады.

Сондай-ақ «Kazakh Tourism»-нің басқарушы директоры «Kids Go Free» жобасымен жұмыс істейтін туристік фирмалар мен операторлардың жұмыс істеу механизмін түсіндіріп берді.

«Олар екі түрлі әдіспен жұмыс істейді. Кейбір туристік операторлар отбасы турды рәсімдеген кезде балаға жасалатын жеңілдікті сол сәтте өз қалтасынан өтейді. Мысалы, бір отбасы тур рәсімдеп, ол 500 мың теңгеге шықты делік. Аталған отбасында бір бала бар, оның билетінің құны шамамен 50 мың теңге делік, осы жерде туристік компания 50 мың теңгені өзі төлейді.

Ал екінші жұмыс істеу тәсілі бойынша отбасы турдың толық сомасын өзі өтейді, саяхаттап келген соң құжаттарды турды сатып алған мекемеге тапсырады. Содан соң ғана балаларға арналған билеттің құны ол отбасыға кері қайтарылады», - дейді ол.

Оның айтуынша, аталған жобаның басты мақсаты – елімізде жүйелі туризмді дамыту.

«Иә, қазақстандықтардың дені ел ішінде арнайы тур сатып алып саяхаттамайды. Саяхаттайтын, демалатын жерге тікелей бара салады. Осы орайда «Kids Go Free» бағдарламасының діттегені Қазақстанда жүйелі, ұйымдасқан туризмді ілгерілету. Осы жоба арқылы елімізде жүйелі туризмді дамытқымыз келеді. Жалпы туризмді дамытуда туристердің легін басқару деген ұғым бар. Ол дегеніміз туристердің саяхаттауы, демалуы туралы деректерге сүйене отырып, олардың легі мен туризмді одан әрі қай бағытта дамыту керектігін анықтау. Сол үшін есеп жүргізіледі», - деді Д. Сержанұлы.

Айта кетейік, «Kids Go Free» бағдарламасы биыл жыл басында іске қосылды. Қазір еліміз бойынша 17 туристік оператор аталған бағдарламамен жұмыс істейді.

«Kids Go Free» бағдарламасын алғашқылардың бірі болып қолдаған біздің компания. Аталған жүйемен жұмыс істеуге бағдарлама іске қосылған күннен бастап кеттік. Мендегі дерекке сәйкес, жоба басталғалы біздің мекеме арқылы 700-ге жуық адам «Kids Go Free» бағдарламасының игілігін көрді. Сұраныс ақырындап артып келеді. Аталған жоба тек ішкі туризмді дамыту үшін ғана емес, шағын және орта бизнесті қолдауда да маңызды. Бұл отандық туристік компаниялардың қызметін ілгерілете түсу жолындағы оң қадам», - деді Ерәлі Тілеуов «Компас тур» туристік операторының жетекшісі.

«Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының бастамасымен биыл елімізде Балалар жылы аталып өтілуде. «Kids Go Free» бағдарламасы туралы мен әлеуметтік желіден оқып, білдім. Биыл 8 наурыз мекересіне орай отбасымызбен Түркістан облысына сапарды жоспарладық. Турды рәсімдеу кезінде компания өкілдері «Kids Go Free» бағдарламасының барын айтып, бізге ұсынды. Біз тиісті құжаттарды тапсырып, мүмкіндікті пайдаландық. Сапар кезінде бізбен бірге 4 бала болды», - дейді «Kids Go Free» бағдарламасын қолданған турист Зәмзагүл Райханова.


Соңғы жаңалықтар