Қазақстанда кеден түсімдері артып келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда бюджетке кеден түсімдері артып келе жатыр. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейіспеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өсім қарқыны жоғары, еселеніп арта түскені байқалады. Толықтай алғанда, цифрландыру барлық процестерге адами факторлардың ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді және соның арқасында біз импорттаушылардың шамамен 60 пайыз декларациясын көрмейміз. Себебі олар «жасыл дәліз» арқылы автоматты режімде өтеді. Ал экспорттың 90 пайыздан астамы автоматты режімде жүргізіледі», - деді ол Еркін экономикалық аймақтар бойынша Дүниежүзілік кеден ұйымының өңірлік форумы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Осы ретте комитет төрағасының орынбасары цифрландырудың арқасында бюджетке кеден түсімдерінің арта түскенін айтты.

«Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың адамдармен ешқандай байланысы болмайды. Мұның барлығы - цифрландырудың, жаңа технологиялар енгізудің, процестерді автоматтандырудың арқасы. Кедендік түсімдер бойынша өте үлкен ілгерілеу бар. Тіпті жекелеген позицияларда түсімдердің 12 есе артқаны байқалады», - деді Ө.Бейіспеков.

Айта кетейік, үш күнге созылатын форумға 30-дан астам елден, Дүниежүзілік кеден ұйымы, АҚШ Халықаралық даму агенттігі, Еуропалық комиссия, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып жатыр.

Соңғы жаңалықтар