Қазақстанда қазірдің өзінде автоматтандыру себебінен жұмыс орындарының 52 пайызына қауіп төніп тұр

Редактор:  
Жанат Қапалбаева

Қазақстанда қазірдің өзінде автоматтандыру себебінен жұмыс орындарының 52 пайызына қауіп төніп тұр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін астанада өткен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VІІІ съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи кәсіпкерлік экожүйенің қалыптасуын Үкімет пен «Атамекеннің» пандемиядан кейінгі кезеңдегі негізгі ортақ басымдығы ретінде атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның пікірінше, бизнесті тікелей қолдаудан бәсекеге қабілеттілік бағытындағы сапалы өзгерістерді ынталандыруға, тиімділікке және кәсіпорындардың өнімділігіне көшу керек.

- Үкімет пен «Атамекен» бірлесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуі қажет. Құжатта бизнесті тікелей, адрессіз қолдау мен субсидиялаудан мейлінше нарықтық құралдар мен әдістерге көшу мәселесі қарастырылады. Жалпы шағын және орта бизнес санының өсуіне қарамастан, орташа компаниялар үлесінің төмен болуы – бұрынғы және әлі күнге дейін шешілмеген проблема. Дәл осы компаниялар мейлінше орнықты әрі бәсекеге қабілетті. Осыған байланысты шағын бизнестен орта санатқа көшу үшін реттеуші және ынталандырушы жаңа шаралар қажет. Үкіметке «Атамекенмен» бірлесіп, жыл аяғына дейін Шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақстандық өнімді дамыту еліміздің экономикалық саясаттағы басымдықтарының бірі екенін айтты.

Елімізді одан әрі индустрияландырудың маңызды міндеттерінің бірі – отандық өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету.

Осыған байланысты жылдың соңына дейін Президенттің тапсырмасына сәйкес қордаланған мәселені шешуге бағытталған «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заң қабылданады.

– Өздеріңізге мәлім, бизнестің маған жасаған өтініштері негізінде 2023 жылдан бастап еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем жасау жүйесін енгізу туралы шешім қабылдадым. Шағын және орта бизнеске түсетін жүктеме 34 пайыздан 25 пайызға дейін азаяды. Мұндай тәсілді өзін-өзі жұмыспен қамтитын және жеке кәсіпкерлерге қатысты да қолдану мүмкіндігін пысықтау қажет. Біз салық процесін басқаруды жеңілдетіп, кәсіпкерлік қызметтен барлық салықтар мен бюджеттен тыс төлемдерді қамтитын бірыңғай төлем жасау мүмкіндігін қарастырғанымыз жөн. Бұл бизнесті «көлеңкелі аймақтан» шығуға ынталандырады. Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, қолданыстағы арнайы салық тәртіптерін жетілдіру жұмыстарын пысықтауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты цифрландыруды белсенді жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.

1 шілдеден бастап салық төлеушінің контрагенттерді дербес тексеруі үшін интеграцияланған ашық деректер базасы – Atameken Business Information Services іске қосылды.

– Цифрлық дамудың маңызды бағыттарының бірі – жер учаскелері, құрылыстың негізгі жоспарлары, қолжетімді қуаттар, коммуникациялар және басқа да ақпаратты цифрландыру. Бұл – өндірістің негізгі факторлары. Онсыз бизнесті жүргізу мүмкін емес. Сонымен қатар бұл ақпарат – аса құпия. Аймақтық деңгейдегі жұмыс белгілі себептерге байланысты шегерілуде. Басты себеп – танымал компанияларға болысу, оларға жер мен басымдық беру, ал шағын және орта бизнестің жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмейді. Үкіметке бұл мәселені Цифрландыру комиссиясының алдағы отырысында қарастыруды тапсырамын. Әрбір әкім есеп беруі тиіс. Үкімет қатаң бақылап, жұмысты үйлестіруге міндетті, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, бизнесті цифрландыруды белсенді жүргізу қажет. Қазақстанда қазірдің өзінде автоматтандыру себебінен жұмыс орындарының 52 пайызына қауіп төніп тұр.

– 2030 жылға қарай жұмыс күшінің үштен бір бөлігіне жуығы цифрлық дағдыларды меңгерген және ерекше қабілеті бар жастар болады. Оларды тиімді пайдаланған жөн. Үкімет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кадрларды әзірлеу үшін ұзақмерзімді бағыттарды айқындауға тиіс. Яғни алдағы 10-12 жылға арналған құзыреттер болжамын жасау қажет, – деді Президент.





Серіктестер жаңалықтары