Қазақстанда қайталама баспана нарығында баға біртіндеп төмендейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда қайталама баспана нарығында баға біртіндеп төмендейді. Мұндай пікірді Қазақстан Риэлторлары бірлескен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер осы жылдағы жылжымайтын мүлік нарығын саралайтын болсақ, онда Қазақстанда ай сайын бүкіл ел аумағында 21-22 мың мәлімет жасалатындығын атап өткен орынды. Бұл ретте вирустың таралуына байланысты әлемдегі ахуалдың мәмілелерге де өз әсерін тигізгендігін атап өткен орынды. Осы жылдың көктемінде елімізде қатаң карантин шараларының енгізілуіне байланысты адамдар шектелген кеңістікте қалуға мәжбүр болды және нысанға барып көру, нотариус арқылы мәміле жасап, оны тіркеу мүмкіндігінен айырылды. Соның салдарынан елімізде мәмілелер саны 5 211-ге дейін қысқарды. Ал мамырдағы бұл көрсеткіш 17 210 мәмілені құрады», - деді Нина Лукьяненко.

Оның атап өтуінше, маусымда баспана сатып алу-сату мәмілесі күрт артып, 32 121-ге жетті. Ал шілдеде 26 688, тамызда 30 172, қыркүйекте 35 359 мәміле жасалды.

«Осы көрсеткіштен-ақ мәмілелер саны жылжымайтын мүлік мәмілелерінің орташа айлық стандартты мөлшерінен айтарлықтай жоғарылағандығын байқауға болады. Дегенмен, карантин шараларының, экономикалық ахуалдың аясында жекелеген әрбір отбасының қаржылық жағдайы жақсара түспегені белгілі. Тіпті халықтың төлем қабілеті төмендегені де сөзсіз. Бұл орайда мәмілелер санының күрт артуы оларды рәсімдеуге мүмкіндік болмаған кезде жинақталып қалған сұраныстың жүзеге асырылуы есебінен қалыптасқанын байқауға болады», - деді ол.

Нина Лукьяненко қазіргі уақытта баспана бағасының күрт өзгеріске ұшырауына ешқандай алғышарт жоқ екендігін айтады.

«Бірақ, қайталама баспанаға қатысты жалпы тенденция таяу жылдардың ішінде баяу төмендеуге бағыт алатын болады. Ал жаңадан салынған үйлердің құны доллар бағасына байланысты алдағы уақытта да өсе береді. Өйткені, құрылыс материалдарының негізгі үлесі шетелден валютаға сатып алынады», - деді Қазақстан Риэлторлары бірлескен қауымдастығы президентінің кеңесшісі.


Соңғы жаңалықтар