+7 (701) 759 90 19
USD 385.76 EUR 427.89
RUB 6.04 CNY 54.79
Jańalyqtar

Қазақстанда қай салалар кибершабуылға жиі ұшырайды

2019 жылғы 27 қазан 13:31
Бөлісіңіз:
Қазақстанда қай салалар кибершабуылға жиі ұшырайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы қай салалар кибершабуылға жиі тап болады? Бұл сұраққа «Кибершабуылды талдау және тергеу орталығының» президенті Олжас Сатиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзінше, аталмыш орталық ай сайын ұрланған мәліметтер туралы ақпарат жариялап отырады.

«Мысалы бірнеше жыл бұрын Қорғаныс, Сыртқы істер министрліктерінің және астаналық әуежайдың сайты бұзылды. Ондай жағдайлар болып тұрады. Бір нәрсені ескеру керек – хакерлер «алынбайтын қамал жоқ, бұзылмайтын жүйе жоқ» деген ұстанымды ұстанады. Шын мәнінде хакерлер тіпті Пентагонды да бұза алады. Бұзатын адам әрқашан табылады. Бірақ мәселе мынада. Бізде уақытында іс-әрекетке көшудің белгіленген регламенті жоқ. Мысалы мемлекеттік сайт бұзылып, екі-үш апта бойы қолданушыларға вирус жұқтырған кезі болды. Бірақ ол үшін ешкім жауапқа тартылған жоқ», - деді Олжас Сатиев елордада өткен Digital Bridge форумында.

Спикер хакерлерге жүйені бұзып, жеке мәліметтерді ұрлау не үшін қажет екенін түсіндіріп өтті.

«Бірқатар факторлар бар. Оның бірі – алаяқтық. Мысалы, хакер жеке мәліметтерді, мекенжай-телефоныңызды, банк мәліметтерін ұрлап, банк қызметкері ретінде сізге хабарласуы мүмкін. Сөйтіп сізді алдап, ақшаңызды жымқырады. Хакерлер адамға әсер ету үшін биг-датаны жинақтайды. Адам туралы бүкіл ақпаратты жинап алған соң ол оның профилін қалыптастыруы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, қазір ауқымды мәліметтер заманы және ол мәліметтердің нарықта өз бағасы бар», - дейді орталық басшысы.

Оның сөзінше, Қазақстанда хакерлер шабуылы жиілеп кеткен.

«Өйткені бізде цифрландыру зор қарқынмен жүріп жатыр. Адамдар электронды коммерцияны көп қолданатын болды, барлығы онлайн-алаңда картамен ақша төлейді. Бұл шетелдік хакерлерді елең еткізді. Оның үстіне Қазақстанда кибергигиена онша дамымаған. Таяуда біз HomeBank-ке жасалған шабуылды зерттедік. Біздің мамандар банктің хакерлік жүйеге кіруіне көмектесті. Дәл осы жағдайда хакерлер 1000 адамның интернет-банкингін бұзып кірген. Біз базаны тазалап, банкке ескертіп қойдық. Айта кетейін, бұл шабуылды жасаған түрік хакерлері. Бүгінде хакерлік топтардың Қазақстанға қызығушылығы артып келеді, өйткені бізде цифрлық ақша белсенді қолданылады, әрине бұл олардың назарын аудармай қоймайды», - деп атап өтті Олжас Сатиев.

Ол сондай-ақ Қазақстанда қай салаларға хакерлік шабуыл жиі жасалатынын сөз етті.

«Медицина саласы өте сезімтал, себебі бұл салада да ақпараттық технологиялар белсенді енгізіліп жатыр. Хакерлердің адам денсаулығы туралы мәліметтерді ұрлаған кезі болған. Бірақ оның бәрі пациент құпиясы ретінде қорғалуы керек. Қаржы жүйесі де шабуылға көп ұшырайды. Жеке қаржы секторын жиі бұзып тұрады. Мысалы, бірнеше жыл бұрын хакерлер Қазақстан бухгалтерлерінің форумына бұзып кірген еді. Бұл – хакерлер үшін үлкен олжа, себебі бухгалтерлер компания қаржысын өз қолында ұстайды. Сондықтан жауапкершілікті қатаңдату керек», - деп түйіндеді Олжас Сатиев.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Жанат Қапалбаева

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT