Қазақстанда қай салада жемқорлық жиі орын алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үстіміздегі жылдың 8 айында атқарылған жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісін қабылдамауды қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Осы жұмысты жүйелі түрде жүргізу нәтижесінде азаматтық қоғам белсенділігі артып, жас ұрпақтың құндылықтары трансформацияланғанын атап өту керек. Осы жылдың 8 айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты құрылыс саласында - 157, білім беру - 110, жер телімі - 101, ауыл шаруашылығы саласында 95 іс қозғалды. Осы аталған істердің 112-сі Астанада тіркелген», - деді Ұлттық бюро орталығында өткен баспасөз мәслихатында аталған ұйымның ресми өкілі Жанна Бастарова. 

Ресми өкілдің айтуынша, жыл басынан бері 511 тексеру жүргізіліп, 100 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, заңбұзушылықтар саны 2 есе азайды. Яғни, 230 мыңнан 100 мыңға дейін төмендеген. 

Одан бөлек, үстіміздегі жылы мемлекеттік органдардың 5 лауазымды тұлғасы жұмыстан босатылды. 2018 жылдың 8 айында ӘҚБтК 465-бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылықтар жөнінде 257 хаттама жасалып, 123 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Жауапкершілікке тартылғандардың 52% - мемлекеттік қызметшілер, 41% - бағынысты ұйым қызметкерлері, ал 7% - әскери қызметшілер. Бұл жағдайлардың басым көпшілігі Алматы (17%), Қостанай және Қарағанды (9%) облыстарына тиесілі.

Соңғы жаңалықтар