Қазақстанда қатерлі ісіктің алдын алу үшін балаларға тегін екпе салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог-дәрігері, Қазақ ұлттық онкология және радиология институтының директоры Диляра Қайдарованың айтуынша, ата-ананың рұқсатымен балаларға жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы вакциянация жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Обырмен күресте медиктер бюджеттен қаражатты көбірек сұрасақ, кей саясаткерлердің түсінбей қалатыны бар. Алайда онкологиялық аурулардың үшінші, төртінші сатысындағы науқастарды да емдеу керек. Ол үшін қаражат бөлуге тура келеді. Міне, сондықтан бүгінгі саммиттің таңертеңгі бөлімі обырмен күрестегі саясат пен бюджетке арналды. Дәрі-дәрмек қымбат. Бүгін Уругвай үкіметінің өкілдерімен кездескенде олар да дәрі-дәрмекті сырттан сатып алатынын естідік. Яғни, онкологиялық ауруларды нағыз сапалы дәрі-дәрмекпен емдеу керек. Осы саммитті пайдалана отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан, қатерлік ісікті зерттеу агенттігінен дәрі-дәрмек бағасын арзандатуда көмек сұрап отырмыз», - деді Диляра Қайдарова Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінде тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, әр елде обырға қарсы дәрі-дәрмектің бағасы әртүрлі. Бәрі тасымалдаушыға байланысты.

«Қазір өзінің тиімділігін дәлелдеген скринингтің үш түрін қалдырдық. 2018 жылы жатыр мойнының қатерлі ісігі бойынша скринингтен өту жасын 30-ға дейін түсірдік. Осыдан кейін әртүрлі жастағы әйелдер келе бастады. Олар тегін тексерістен өте алады. Тексерілгісі келетін әйелдердің саны 1 миллионға жетіп жығылғаннан кейін мемлекет бұл бағытта тағы да бюджеттен қаржы бөлді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жатыр мойны қатерлі ісігін вакцинация арқылы алдын алуға болатын дерттер қатарына жатқызады. Біз жас қыз балаларға ата-ананың рұқсатымен жатыр мойны қатерлі ісігі вакцинациясын тегін егуді ұсынбақпыз. Яғни, ата-ана рұқсат берсе, баласына тегін вакцинация жасаймыз», - деді ол.

Диляра Қайдарованың айтуынша, дәл осындай вакцинацияның арқасында Австралия мемлекеті жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдығу деңгейін едәуір азайтқан.

Еске сала кетсек, кеше елордада Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің жұмысы басталған болатын. Форум жұмысына Халықаралық обырға қарсы одақ (UICC) президенті, жоғары мәртебелі ханшайым Дина Майред, Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысуда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің қатысушыларына құттықтау хат жолдады.

Соңғы жаңалықтар