Қазақстанда кәсіпорынның ядролық және радиациялық қауіпсіздікке қайта сараптамадан өтуі алынып тасталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда кәсіпорынның ядролық және радиациялық қауіпсіздікке қайта сараптамадан өтуі алынып тасталады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саланың кәсіпкерлік бөлігіндегі жүктемені төмендететін тағы бір норма бұл - ядролық және радиациялық қауіпсіздікке қайтадан сараптама өткізу. Заңнамадағы қазіргі нормада мұндай сараптаманың әрбір үш жыл сайын өткізілетіндігі жазылған. Сараптама өткізіп, құжаттамасында, жобалық-техникалық құрылғыларында ешқандай өзгеріс болмаса да үш жылдан кейін қайтадан осы аттестациядан өтуі қажет. Сондықтан осы саладағы кәсіпорындармен талқылау аясында қайта сараптамадан өту жүйеде, жобалық құрал-жабдықтарда, технологиялық құжаттамада өзгеріс болса ғана жүргізілуі тиіс деген пікірге келдік», деді ол атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген заңының жобасын таныстыру барысында.

Сонымен қатар вице-министр тағы бір өзгеріс ретінде мемлекеттік қызметтердің оңтайландырылуын атады.

«Өздеріңіз де білетіндей, бұл қызмет лицензияланады. Сондықтан бізде атом энергетикасында лицензияның 9 түрі бар. Қазір біз оларды оңтайландырып, үш лицензияны біріктіреміз. Яғни, бұл қызметтің 2-3 түрімен айналысатын кәсіпорынның лицензия алуға 3 рет келмеуі үшін жасалып отыр», - деді Сұңғат Есімханов.


Соңғы жаңалықтар