Қазақстанда кәсіпкерлердің алғашқы республикалық сауалнамасы басталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қазақстанда кәсіпкерлердің алғашқы республикалық сауалнамасы басталды. Шара ел бойынша түрлі деңгейдегі 1 млн 200 мыңнан астам бизнес нысанын қамтымақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаның мақсаты - кәсіпкерлермен байланыс орнатып, олардың мәселелерін облыстық және республикалық деңгейлерде шешу. Өзекті мәселелерді сауалнама барысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сұхбат алушыларына жеткізіп, «Atameken Services» қосымшасына да жүктеуге болады. Бұдан басқа қосымшада тегін білім алып, қаржылық, құқықтық және тауар өткізу мәселелері бойынша пайдалы ақпарат бар. Жаңартылған платформа қазірдің өзінде кәсіпкерлер арасында үлкен қызығушылық тудыруда.

Солтүстік Қазақстан облысында сауалнама екі кезеңде өтеді. Бірінші кезекте кәсіпкерлер палатасында телефон нөмірлері барларға қоңырау шалынып, деректер жиналады. Қалғандарына интервьюерлер өздері барып, жауап алады.

«Менің ойымша, бұл сауалнама кәсіпкерлерге өз мәселесін жариялауда таптырмас мүмкіндік. Біз мектептермен жұмыс істейміз, мемлекеттік тапсырысты орындаймыз. Өз мәселемізді келіп айтуға уақытымыз бола бермейді. Қазір call-орталықтанқоңырау күтіп отырмыз», - дейді «Волкова» ЖК директоры Ольга Волкова.

Облыста 29 мыңға тарта кәсіпкер бар. Мамандардың айтуынша, сауалнаманы өткізуге арнайы 22 маман тартылған. Бұған қоса, палатаның аудандардағы 13 филиалы да жұмылдырылады. Жалпы, сауалнаманы СҚО-да мамырдың біріне дейін аяқтау жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар