Қазақстанда кәсіпкер әйелдерді қолдау қоры құрылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Іскер әйелдер кеңесінің Конгресінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыдан екі жыл бұрын құрылған Іскер әйелдер кеңесі бүгінде еліміздің барлық аймағында қанат жайған. 16 өңірде және 170 аудан орталықтарында кеңестер құрылып, оларды табысты қыз-келіншектер басқарып отыр.  

Іскер әйелдер конгресінде сонымен қатар Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорын құру бастамасы көтерілді.

 «Мұндай қорды құру шағын несиелеу механизмі арқылы қаржы көздеріне қолжетімділікті арттырады. Бұған қоса, Қор инновациялық әрі тиімді шешімдер қабылданатын, қажетті оқу курстары мен бизнесті сүйемелдеу қатар жүргізілетін әйелдер кеңесінің ой-талқы орталығына айналмақ», - деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова.  

Шара барысында Ләззат Рамазанова әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған бірқатар бағдарламалардың іске асырылатынын айтты.

Конгресс қорытындысы бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП мен ERG Еуразиялық Тобы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қолдау мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға сәйкес Еуразиялық Топ «Атамекенге» қайтарым негізінде қаржылық қолдау көрсетеді. Бұл қаражат Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға жұмсалады. 

 

Соңғы жаңалықтар