Қазақстанда қаржы нарығын реттейтін жаңа агенттік құрылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасының бірінші бағыты қаржы секторын реттеудің тәуелсіз органын құруға қатысты. Елдің экономикалық өсуіне жәрдемдесу үшін Ұлттық банк ақша-несие саясатының тиімділігіне және инфляцияны бақылау шараларын іске асыруға айрықша мән бермек.

Атап айтқанда, қаржы нарығын реттеу мен дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей есеп беретін жаңа мемлекеттік орган - Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігіне беру ұсынылады.

«Ұлттық Банк пен Агенттіктің қызметі тиянақты түрде, оның ішінде басқару органдарында өзара өкілдік ету арқылы үйлестіріледі. Агенттік республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Еңбекақы төлеу жүйесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді, ал қызметшілердің мәртебесі Ұлттық банк талаптарына сәйкес болады», - деді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков.

Сонымен қатар, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк пен Агенттік Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің қызметі аясында өзара іс-қимыл жасайды.

«Тұтастай алғанда қаржы нарықтарын реттеу мен қадағалау функциялары Агенттікке бекітіліп беріледі. Ұлттық банкте төлем ұйымдарына, банктік емес айырбастау пункттеріне, инкассаторлық компанияларға қатысты реттеу мен қадағалау функциялары сақталады», - деп атап өтті О. Смоляков.

Соңғы жаңалықтар