Қазақстанда қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтау мәселесі талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысы Ақтау қаласында көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды Төменгі Палатаның баспасөз қызметі.

Шара барысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының арсеналдарында, базаларында, қоймаларында сақтаудағы қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру мен жайластыру бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Отырысты ашқан бейінді комитет төрағасы Мұхтар Ерман аталған тақырыпта іс-шараны өткізу Арыстағы қайғылы оқиғаны есепке ала отырып, қоғамға деген маңыздылығын атап өтті.

Іссапар барысында депутаттар Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің базалары мен қоймаларында қару-жарақ, оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету сұрақтарын зерттеді.

Атап айтқанда, депутаттар Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінде қару жарақтар, әскери техникалардың және мүліктердің сақталуымен және жұмылдыру қорының нысаны болып табылатын арнайы медициналық қамтамасыз ету базасымен танысты. Сонымен қатар, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру мен жайластыру бағдарламасының аралық қорытындылары белгіленді.

Іс-шара аясында Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова мен Құдайберген Ержан «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында азамматарды қабылдау өткізді.

Көшпелі отырысты қорытындылай келе, мәжілісмендер көтерілген өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстар мен пікірлер тиісті заңнамаларды жетілдіруде ескерілетінін айтты.

Отырыс жұмысына Мәжіліс депутаттары мен Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, ҚР Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті, Бас әскери прокуратураның және облыстық әкімшіліктің өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар