Қазақстанда қар барысын сақтау үшін қандай шаралар атқарылып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін – Халықаралық қар барысы күні.

Мамандардың айтуынша, аталған жануар әлемнің 12 елінде ғана мекендейді екен. Соның бірі Қазақстан.

Қазақстан мамандарының мәліметінше, қазіргі таңда ел көлемінде шамамен 130-170 қар барысы бар. Осы орайда Қызыл кітапқа енгізіліп, ерекше қорғауға алынған жыртқыш аңды сақтап қалу және оны көбейту мақсатында қандай шаралар қолға алынып жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымының биологиялық алуантүрлілік бағыты бойынша ұлттық менеджері Талғат Келтешов айтып берді.

«Қазақстанда қар барысына қатысты зерттеу жұмысы 2018 жылы қолға алынды. Мақсат – елімізде жойылып бара жатқан жыртқыш аңның қаншасы қалғаны мен мекенін анықтау. Ол үшін ел көлемінде қар барысы мекендеуі мүмкін деген аймақтарда 294 фототұзақ орнатылды. Осылайша соңғы 3 жылдың ішінде қар барысының алдымен негізгі мекені анықталды, содан соң олардың көбінесе немен қоректенетіні белгілі болды. Ендігі уақытта қар барыстарының мойнына спутниктік қарғыбау тағу міндеті тұр. Бұл біріншіден оларды сырттай бақылауға мүмкіндік береді, екіншіден аталған жануар көшпелі болғандықтан олардың жыл қай мезгілінде қай өңірді мекендейтіні нақтылана түседі», - деді Талғат Келтешов.

Сондай-ақ, маман қар барысымен қатар ол мекендейтін аумақты да қорғап, сақтау маңызды екенін жеткізді.

«Қар барысы мекендейтін жердің табиғи тыныштығын бұзбаған жөн. Себебі ол жабайы аң және ол адам баласы жүрмейтін жерді мекен етеді. Сондықтан да қар барысы мекенін ұлттық парк секілді ерекше қорғауға алу керек. Жуырда қар барысын қорғауға бағытталған тағы бір маңызды құжатқа қол қойылады. Бүгінде Қазақстан көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Ресеймен бірлесіп қар барысын қорғау туралы келісімге келіп жатыр», - дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінде ел көлемінде шамамен 130-170 қар барысы бар және олар Алтай, Жетісу және Іле Алатауы, Батыс Тянь-Шань мен Қаратауды мекен етеді екен.

«Қазақстандағы қар барысының санын анықтау үшін мониторинг жүріп жатыр. Оның нәтижесі осы жылдың соңы немесе келесі жылдың басында белгілі болады. Сол кезде елімізде нақты қанша қар барысы бары белгілі болады деген үміттеміз. Бұл жануар шамамен 12-15 жылдай өмір сүреді. Елімізде қар барысын сақтап қалу мақсатында шетелдік мамандармен де бірлескен жұмыс істеліп жатыр. Қазіргі уақытта халықаралық сарапшы мамандар Моңғолияда жұмыс істеп жатыр. Алдағы қарашаның басында мамандар біздің елге келеді. Жоспар бойынша 7 қар барысының мойнына спутниктік қарғыбау тағамыз деп отырмыз», - деді. Т. Келтешов.


Соңғы жаңалықтар