Қазақстанда қант  экспортына 6 айлық тыйым енгізілмек
2022 жылғы 13 мамыр 10:13

Қазақстанда қант экспортына 6 айлық тыйым енгізілмек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан аумағынан қант пен шикі қантты сыртқа шығаруға 6 ай мерзімге тыйым салатын бұйрық жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақ қантты және құрақ қанты шикізатын әкетудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 4 мамырдағы № 140 бұйрығы ( бұйрыққа сілтеме) 2022 жылғы 23 мамырдан бастап күшіне енеді және 2022 жылғы 23 қарашаға дейін қолданылады.

«Қазақстан Республикасының аумағынан қант пен шикі қантты алып шығуға 6 ай мерзімге тыйым салуды бұйырамын», - деп жазылған құжат мәтінінде.

Сондай-ақ бұл құжат аталған шешім туралы мәліметті Еуразия экономикалық комиссиясына хабарлау Ауыл шаруашылығы министрлігінің міндеті екенін айқындайды.

«Бұйрық ресми жарияланғаннан кейін 10 күннен соң күшіне енеді», - деп жазылған құжатта. Бұйрық мәтіні бүгін жарық көргенін ескерсек, 23 мамырда күшіне енеді деген сөз.

Бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстан қант импортын 32 пайызға төмендететінін мәлім еткен еді.


Jańalyqtar

MURAǴAT