Қазақстанда қанша тауар биржасы бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі уақытта Қазақстанда 19 тауар биржасы лицензияланған. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұсынылып отырған Заң жобасының негізгі бөлімдеріне тоқталып кетейін. Қазіргі уақытта Қазақстанда 19 тауар биржасы лицензияланған. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес биржалық келісімдердің саны 2009 жылы 1 119-дан 2020 жылы 48 000 келісімге дейін, яғни 50 есеге өсті. Бұл ретте, жетекші үш тауар биржасының («Астана», ЕТС, «Каспи» биржалары) биржалық сауда-саттық көлемі 2020 жылы 291,2 млрд теңгені, яғни барлық сауда-саттық көлемінің 30%-ын құрады. Тұрақты биржалық саланы қалыптастыру мақсатында заң жобасында тауар биржаларының екі деңгейлі жүйесін енгізу ұсынылады», - деді Бақыт Сұлтанов.

Министр бірінші деңгейге тоқтала келе, сауда-саттықты биржалық тауарлармен жүзеге асыратын тауар биржалары үшін жарғылық капиталды 700 мың еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту көзделгенін айтты.

«Екінші деңгей, стандартталмаған тауарлармен ғана сауда-саттықты жүзеге асыратын тауар биржалары үшін талаптар бұрынғы деңгейде қалады. Яғни жарғылық капиталдың ең аз мөлшері 300 мың еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайды. Биржалардың түрлі-тармақтарына бөлінуі биржалық сауданы жетілдіруге және дамытуға серпін береді. Яғни тек стандартталмаған тауарлармен сауда-саттықты жүзеге асыратын биржалар басқа қатысушылармен шоғырланып, қызметтер спектрін кеңейтіп, олардың сапасын жақсарту және көлемін ұлғайту арқылы өз потенциалын арттыруға тырысады», - деді Б. Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар