Қазақстанда қанша отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ел халқының баспанамен қамтамасыз етілу деңгейі туралы жария айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халық саны өсіп келеді, жаңа отбасылар құрылуда. Сондықтан қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі – басты назарда. Бүгінгі таңда осы мәселелерді шешу жүйелі түрде қолға алынған. Президент «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру басымдығын белгілеген болатын. Мемлекеттің тұрақты және өте маңызды міндеттеріңнің бірі - бұл халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және қолайлы өмір сүру жағдайын жақсарту», - деді министр Парламент Мәжілісінде «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуына арналған Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, 1991-2018 жылдары республикада 1,3 млн азамат өз тұрғын үй жағдайын жақсартты. Әлеуметтік тұрғын үймен 160 мың отбасы қамтамасыз етілді, 63 мыңнан астам үлескердің тұрғын үй мәселелері шешілді.

Азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске асырылып жатыр.

«Барлығы 2017-2018 жылдары қаржыландырудың барлық көздерінен 23,7 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды. 214 мыңнан астам азамат өз тұрғын үй жағдайын жақсартты. 2018 жылы рекордтық 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, осы орайда бір тұрғынға шаққанда 0,68 шаршы метрді құрады. Бұл ТМД елдерінің ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімділік көрсеткіші бұл 1 теңге мемлекеттік инвестицияға жыл сайын 7 теңге жеке инвестиция тартылып отырғандығы. 2018 жылы халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі 1 тұрғынға шаққанда 21,8 шаршы метр болды», - деді Б. Атамқұлов.

Соңғы жаңалықтар