Қазақстанда қанша мұнай кеніші бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев елдегі минералды-шикізат базасының қазір жай-күйі туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансында жалпы 8 мыңнан аса кен орындары тіркелген. Оның ішінде көмірсутек – 317 (мұнай, газ, конденсат), қатты пайдалы қазбалар – 910, кең таралған пайдалы қазбалар – 3,0 мыңнан астам және 4 мыңға жуық жерасты суларының кен орындары бар», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, елдегі 317 мұнай кен орнындағы шикізаттың баланстық қоры 4,4 млрд тоннаға жетеді.

«Қазақстандағы мұнайдың баланстық қоры А+В+С1+С2 категориялары бойынша 4,4 млрд тоннаны, газ – 3,8 трлн текше метрді, конденсат – 414 млн тоннаны құрайды. Олардың басым бөлігі Атырау (75%) және Маңғыстау (11%) облыстарында шоғырланған. Бұл ретте, көмірсутек шикізатының 68% қоры 3 ірі кен орындарының, атап айтқанда Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтың үлесіне келеді», - деді вице-министр.

Серікқали Брекешевтің сөзіне қарағанда, Елдегі кен қорының ортайғанын Қашаған ғана білдірмей тұр.

«Бір қарағанда өсім жаман емес сияқты. Бірақ бұған негізінен Қашаған кен орны есебінен солай болып отыр. Қашаған болмаса, кен қорының толығу коэффициенті 0,9 белгісінде болар еді. Бұл проблеманы шешу үшін жаңа перспективалы учаскелерді жедел анықтап, ескі кен орындарын жете барлау қажет. Геологиялық барлауға жеке инвесторларды тарту керек. Өйткені жаңа кен орнын ашқаннан кейін оны іске қосу үшін кемінде 10-15 жыл керек», - деп қорытындылады вице-министр.


Соңғы жаңалықтар