Қазақстанда қанша АҚШ компаниясы жұмыс істеп тұр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-саттық пен инвестициялық әріптестік туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас өзара түсіністік пен сенім атмосферасында дамып жатыр. Мұны барлық деңгейдегі байланыстың оң динамикасы растайды», - делінген министрлік мәліметінде.

Министрлік дерегіне сүйенсек, Қазақстанда АҚШ заңды тұлғаларының қатысуымен 688 компания жұмыс істейді.

Оның 666-сы шағын, 13-і орта, 9-ы ірі кәсіпорын.

Қаңтар айында екі елдің арасындағы сауда айналымының көлемі 201,4 млн долларға жеткен. Оның 23,7 млн доллары - экспорт болса, 177,7 млн доллары - импорт.

Дегенмен бұл 2022 жылдың қаңтарымен салыстырғанда айтарлықтай төмен.

2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте АҚШ-тан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция ағыны 5 млрд доллар болған.

2022 жылы Қазақстаннан АҚШ-қа жасалған экспорт көлемі 1,2 млрд доллар немесе 32,1% ұлғайған.

Ал импорт 1,9 млрд доллар болып, 2021 жылмен салыстырғанда 40,5% өскен.

Былтыр қаңтарда АҚШ-қа 30,2 млн доллардың экспорты жасалып, 226,6 млн доллардың импорты Қазақстанға әкелінген болатын.

Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталған негізгі тауарлар: шикі мұнай – 558,1 млн доллар (үлесі 48,4%), ферроқорытпалар – 435,8 млн доллар (37,8%), сутегі, инертті газдар және өзге де бейметалдар – 28 млн доллар (2,4%), қара металдардан жасалған құбырлар, түтіктер және жіксіз профильдер – 22,8 млн долар (2%), тантал және одан жасалған бұйымдар – 22,5 млн доллар (2%), күкірт – 221 млн доллар (1,8%), уран – 9,7 млн доллар (0,84%), қорғасын – 8,6 млн доллар (0,74%), бидай глютені - 7,2 млн доллар (0,62%).


Соңғы жаңалықтар