Қазақстанда қаңғыбас жануарлар атылмайды және олардың саны стерильдеу арқылы реттеледі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда қаңғыбас жануарлар атылмайды және жануарлар санын реттеу тек стерильдеу арқылы жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң 2 наурыздан бастап күшіне енеді.

«Жаңа заң 2 наурызда күшіне енеді. Осы сәттен бастап біздің қазақстандық қоғамда жануарлар атылмайды, аулаудың өзі гуманды түрде жүргізіледі және жануарлар санын реттеу тек стерильдеу арқылы жүзеге асырылады. Егер иттерде қауіпті жұқпалы аурулар мен құтыру анықталса немесе ит агрессивті болса және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына, қоғамға қауіп төндірсе, мұндай жағдайда қайтарымсыз аулау қолданылады», -деп түсіндірді Әлия Шалабекова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Өз кезегінде ҚР ЭГТРМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев әкімдіктердің қаңғыбас иттерді аулауға қанша қаражат жұмсайтынын айтты.

«Қазіргі уақытта аулау және жою үшін әр облыста шамамен 60-тан 150 миллион теңгеге дейін әртүрлі шығындар бар. 2 наурыздан бастап заң күшіне енгеннен кейін аулау жұмысына мұндай көлемде ақша бөлінбейді», - деді Данияр Тұрғамбаев.


Соңғы жаңалықтар