Қазақстанда қандай вирустар айналымда жүр – министр жауабы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елде таралып жатқан инфекциялар мен вирустар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір біздің елде омикрон вирусы таралып жатыр. Омикронның бірнеше түрі бар. Вирус үнемі түрленіп отырады. Ол да қоршаған ортада тіршілік етеді және қазір оның «цербер» деген түрі де табылды», - деді Ажар Ғиният Мәжіліс кулуарында тілшілерге берген жауабында.

Сондай-ақ, министр анықталған тұмау штамдары туралы да баяндады.

«Тұмаудың бір-біріне ұқсамайтын үш түрі бар, соның ішінде шошқа тұмауы (H1N1) да бізде тіркелген. Оған қоса аденовирус тіркеліп жатыр, қазір вирустың барлық түрі анықталып, инфекция мен суперинфекцияның араласқанын көріп отырмыз – вирустар бірінің үстіне бірі қабаттасып, сырқат өте ауыр жүреді. Қазан айында тұмауға қарсы екпе алдым. Сондай-ақ, коронавирус инфекциясына қарсы ревакцина алдым. Мен өңірлерге барамын, көп адаммен кездесемін және ұшақта өзімді қорғауға тырысамын, барлық жерде маска тағамын», - деп толықтырды Денсаулық сақтау министрі.

Бұған дейін А. Ғиният елдегі эпидахуал шектеу шараларын қажет етпейтінін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар