Қазақстанда қандай салада жалданатын жұмыскерлерге сұраныс артады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы 8 жылда елімізде жалданатын жұмыскерлерге сұраныс 2 млн адамды құрайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кадрларға қажеттіліктің 2023-2030 жылдарға арналған орта мерзімді болжамы жасалды. Оған сәйкес, ең ықтимал сценарийде жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс, оның ішінде жаңа сұраныс пен кадрды ауыстыру бойынша сұраныс шамамен 1,9 млн адамды құрайды.

Болжамды жасаған «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (ЕРДО) экономиканың өсуінен туындайтын жалдамалы жұмысшыларға деген сұранысты ескерген. Сондай-ақ жалдамалы жұмысшыларды ауыстыру бойынша зерттеу адамдардың зейнетке шығуы мен жұмыс істейтін жалдамалы жұмысшылардың күтілетін өлім-жітімі негізінде жасалған.

Болжамға сәйкес, жаңа сұраныстың үлесі 45% (867 мың адам), ал кадрды ауыстыру бойынша сұраныстың үлесі 55% (1 млн адам) құрайды.

ЕРДО сарапшылары оптимистік сценарий бойынша сұраныс көлемі 2,1 млн адам, ал пессимистік сценарий бойынша 1,8 млн адам болатынын атап өтеді.

Өңірлік бөліністе мегаполистерде халықтың шоғырлануы және урбанизация жалғасатын болады. Осылайша, жалдамалы жұмыскерлерге ең үлкен жиынтық сұраныс Астана және республикалық маңызы бар қалалар – Алматы мен Шымкентте күтіледі. Болжамды сценарийге байланысты қажеттілік 420-дан 536 мың адамға дейін құрайды (жалпы республикалық көлемнен 24-26%). Ең аз сұраныс орталық, шығыс және солтүстік өңірлерде қалыптасады.

«Жалдамалы жұмысшыларға сұраныс 2028 жылы күтілетін ең жоғары деңгейге жеткенге дейін артады, сол кезде болжамды қажеттілік 261 мың адамды құрайды. Бұл ішінара 2023 жылдан 2028 жылға дейін әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру тоқтатыла тұратындығына байланысты», – деп атап өтті ЕРДО Болжау департаменті директорының орынбасары Қайырбек Аяшев.

Салалар бойынша. Жалдамалы қызметкерлерге ең үлкен жиынтық қажеттілік білім беру (395,6 мың адам), ауыл шаруашылығы (196,3 мың адам) және сауда (193,2 мың адам) салаларында болады. Білім беру саласының кадрларға деген жоғары қажеттілігі елде 2000-шы жылдардың басынан бері байқалып келе жатқан «бэби- бумға» байланысты.

Тауарларды тасымалдау және бөлу саласында (сауда, көлік және қоймалау, тұру және тамақтану қызметтері) көрсетілген кезеңде жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс 336-дан 384 мың адамға дейін болады деп күтілуде.

Бизнес-қызметтер саласында (ақпарат және байланыс, қаржы және сақтандыру, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, кәсіби және ғылыми қызмет, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету) жалдамалы қызметкерлерге келешектегі сұраныс 268-ден 314 мың адамға дейін артады.

Өнеркәсіпте жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс – 219-259 мың адам (жиынтықтан 12%), ауыл шаруашылығында – 193-200 мың адам (10-11%), өзге де қызметтер саласында – 105-130 мың адам (6%), құрылыс секторында 91-111 мың адам (5%) деңгейінде күтіледі.


Соңғы жаңалықтар