Қазақстанда кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тартудың фактілері анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың басынан бастап Қазақстанда кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тартудың фактілері анықталды. Бұл ақпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (бұдан әрі – ҚР ЕХӘҚМ) өткен балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.

Іс-шараға барлық орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, ҚР жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) Конфедерациясының, ҚР Кәсіподақтар федерациясының, «Забота» дағдарыс орталығы мекемесінің, «Филипп Моррис Қазақстан» ЖШС, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, «Родник» әйелдер мен балаларға арналған әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы» қоғамдық қорының өкілдері қатысты.

Отырысты Қазақстан Республикасының Еңбек қорғау және әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов Үкіметтің Халықаралық еңбек ұйымының № 138 «Жұмысқа қабылдау үшін ең төменгі жас туралы», № 182 «Балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу және жою жөніндегі шұғыл шаралар туралы» ратификацияланған конвенцияларын ескере отырып, балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу және жою мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Сарбасовтың айтуынша, дүниежүзі бойынша 5 пен 17 жас аралығындағы 218 миллион бала жұмыс істейді. Олардың ішінде 152 миллионы балалар еңбегінің құрбаны, олардың жартысына жуығы - 73 миллионы балалар үшін қауіпті жұмыс жағдайында жұмыс істейді.

Балалардың көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысады (98 млн. немесе 59%), бірақ бұл проблема қызмет көрсету саласында (54 млн.) және өнеркәсіпте (12 млн.), негізінен, бейресми экономикада да кездеседі.

«Қазақстанда уәкілетті мемлекеттік органдар кәмелетке толмағандардың жұмысына қатысты заң талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады. 2018 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру барысында 10 фактіні анықтады, ал ағымдағы жылы кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тартудың 2 фактісі анықталды, олар бойынша жұмыс берушілер әкімшілік жауапқа тартылды», - деді Сарбасов.

Ол сондай-ақ, кәмелетке толмағандар негізінен еңбек қызметін жазғы уақытта шағын бизнес субъектілерінде, базарларда, сауда орындарында, автожуу және автокөлік құралдарын жөндеу станцияларында, қоғамдық тамақтану пункттерінде (мейрамханалар, дәмханалар) және т.б. жүзеге асыратынын атап өтті. Аса маңызды бұзушылық еңбек шарттарының болмауында.

ҚР Еңбек министрлігі Балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу және жою бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда және жұмыс берушілерді еңбек заңнамасын сақтауға және тыйым салынған балалар еңбегін қолдануға жол бермеуге шақырады.

Соңғы жаңалықтар