Қазақстанда қамауда ұстау мерзімін есептеудің тәртібі өзгертілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда бас бостандығынан айыру мекемелерінде сотталғандарды қамауда ұстау тәртібі өзгертілмек.

Бұл туралы Әділет министрлігінде Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, комиссия отырысында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасының тұжырымдамасы қаралды.

«Алғаш рет сотталғандарды бұдан бұрын бас бостандығынан айырылған әрі сотты болғандардан бөлек ұстау ескерілген. Бізде бұл тәртіп осыған дейін істі болған адамдарды тергеу изоляторларында ұстаған кезде іске асырылды. Қазіргі кезде енді тиісті норма енгізіліп жатыр, яғни ертеректе бас бостандығынан айырылғандар алғаш рет бас бостандығынан айыруға сотталғандардан бөлек болады» - деп түсіндірді Б. Дембаев.

Бұдан бөлек, заң жобасы бойынша ұсынылған тұжырымдамада қамауда ұстау мерзімін есепке алу тәртібін өзгерту қарастырылған.

«Бізде тергеу изоляторында бір күн ұстау мерзімі бас бостандығынан айырудың бір күніне тең болған еді. Қазіргі кезде бұл мәселе қайта қаралып жатыр. Осы орайда бас бостандығынан айырудың бір күні орташа қауіпсіз мекемесінде бір жарым күнге, сондай-ақ қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде 2 күнге тең болады. Өйткені тергеу изоляторындағы тәртіп өте қатаң. Егер де күдікті тергеу амалдары кезінде 6 ай қамауда болса, үкім күшіне енгеннен кейін сәйкесінше 9 ай немесе бір жыл болып есептеледі», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Соңғы жаңалықтар