Қазақстанда кальян шегуге тыйымды алып тастау ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сарапшы мамандар қоғамдық орындарда кальян (қорқар) шегудің нормативтік мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«HoReCa» қауымдастығының президенті Игорь Копайлов қорқор аппаратын тазалауда санитарлық-эпидемиологиялық ережелердің сақталмауы салдарынан оны шегуге тыйым салынғанын еске салды. Сонымен бірге, ол бірнеше мекемелерге сараптама жүргізу арқылы дәл осындай көзқарастың қалыптасқанын баса айтты. 

«Қоғамдық тамақтану орындарында қорқор шегуге рұқсат беру үлкен мәселеге айналды. Өздеріңіз білетіндей, ҚР бас санитар дәрігері қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салды. Біздің пікірімізше, оның шешімі Астананың 12 мекемесін тексеру негізінде шығарылды және бұл тыйымның ешқандай заңдық күші жоқ», - деді Копайлов.

Қауымдастық басшысы аталған норманы қайта қарауды ұсынды.

«Қазақстанда мыңдаған демалу орындары бар және астаналық мекемелерді  тексеру нәтижесінде қабылданған бұл шешім әділдікке жатпайды. Тұтас салаға емес, нақты бір мекемеге шектеу қоюына болады. Қорқор темекілерінің көпшілігінде никотин бар, бірақ олар темекідей орасан зиян келтірмейді. Бұл қызметті заңдық тұрғыда реттеу қажет», - деді ол.

Копайлов қорқор ұсынылатын мекемелерге санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жүргізуде ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.

«Жасыратыны жоқ, көптеген мекемелер кальянды тазалауда санитарлық нормаларды сақтай бермейді. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, тексеру жұмыстарын жүргізуге дайынбыз», - деп ұсыныс білдірді И.Копайлов.

Еске сала кетсек, 2013 жылдың 14 наурызында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық орындарда, соның ішінде клубтарда, мейрамханаларда, кинотеатрлар мен көпшілік демалатын жабық мекемелерде қорқор шегуге тыйым салған еді.

Соңғы жаңалықтар