Қазақстанда қағаз өндіретін жаңа кәсіпорын ашылады
«Қағаз бен қағаз өнімдері өндірісінің басым бөлігін картон-қағаз өнеркәсібі құрайды. Қазақстан орманға бай емес. Қазіргі уақытта картон-қағаз өндіретін өнеркәсіптер шикізат ретінде қайта өңделген қағаз бен картондық макулатураны қолданады», - деді Қанат Байытов елордада өткен целлюлоза-қағаз өнеркәсібін дамыту туралы форумда.
Оның айтуынша, 2015-2018 жылдары қағаз бен қағаз өнімдері өндірісі айтарлықтай артқан. Өндіріс көлемі 45 млрд теңгеден 58 млрд теңгеге дейін көтерілген.
«Қазақстандағы негізгі өндірушілер - «Қазақстан қағазы» АҚ, Kagaz Recycling, Карина Trading және Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинаты. 2015-2018 жылдары мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында қатталған картон, дәретхана қағазы мен қағаз қапшық шығаратын үш жоба құрылып, 82 жаңа жұмыс орны ашылды. 2019 жылы тағы бір жоба - Интермультисервис аясында тағы 60 жұмыс орны ашылады», - деді комитет төрағасы.