Қазақстанда ішкі туризмді дамыту жолдары – сарапшы пікірі
2022 жылғы 14 мамыр 12:58

Қазақстанда ішкі туризмді дамыту жолдары – сарапшы пікірі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пандемия кезінде туризм саласы миллиардтаған шығынға ұшырады, есесіне ішкі саяхатқа қызығушылық пен сұраныс артты. 2021 жылы Қазақстанда ішкі туризм бойынша рекордтық көрсеткіш орнады. Kazakh Tourism мәліметіне сәйкес, 6,9 млн адам ел ішінде саяхат жасаған. Осы орайда, «Kazakhstan international tourism organization» директоры Жазира Жанкина Қазақстанның ішкі туризміндегі өзекті мәселелер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Туризм 32 саланы дамытуға көмектеседі

«Жақында біз Бурабайда отандық туризм мамандары үшін ақпараттық сапар ұйымдастырдық. Оларға Бурабайдың көрікті жерлері, қонақ үйлер мен медициналық кешендер көрсетілді. Әрине, ондағы мақсат – өзіміздің ішкі, яғни Қазақстан сапарларын сатуға үйрету. Статистикаға сәйкес, елдегі туристік агенттердің 90%-ы сыртқы саяхатқа жұмыс істейді, 10%-ы ғана ішкі туроператорлар», - деді Жазира Жанкина.

Оның айтуынша, қазір ішкі туризмді дамыту – ЖІӨ-ге қомақты ақша айналымын әкелетін маңызды сала.

«Себебі, туризм 32 саламен тікелей байланысты. Билетті қоспағанда, адамдар тамақтанады, базарлық алады, қонақ үй жалдайды, ондағы – жиһаз, төсек-орын, сүлгі-майлықтар, қызметкерлер киімі – мұның бәрі жеңіл өнеркәсіп. Көлік компаниялары қонақтарды тасымалдайды, гидтер өңірдің тарихын баяндайды – бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандар дамыта алатын шағын бизнес. Демек, тұрғындар ақша таба бастайды. Қазір Қазақстанда туризмге басым сала ретінде көңіл бөлінбей отыр. Мәселен, Ақмола облысының туристік әлеуеті зор, бірақ урбанистика тұрғысынан ретсіздіктер байқалады. Бурабай табиғи парк болғандықтан, инфрақұрылымды да табиғи түстерде жасауға болады. Орындықтарды да алюминийден гөрі, табиғи ағаштан жасаса әдемірек болар еді. Қызмет көрсету сапасы да – бөлек әңгіме», - дейді туризм маманы.

Пандемиядан кейінгі туризм – жаңа мүмкіндіктер

Спикердің айтуынша, пандемия шектеулері ішкі туризмнің дамуына зор серпін берді. Тұрғындардың өзі ішкі турларға қызығушылық таныта бастады. Қонақ үйлер бағасы да арзандай түсті.

«Ковидтен кейінгі туризм енді қарқын алып келеді. Қазақстандықтар шетелге бармай, өз елінде-ақ ғажап жерлер бар екенін көрді. Ең алдымен, біз өз жерімізді сүюіміз керек. Тіпті, тұрғындар өз қаласының тарихын білмеуі мүмкін. Бұл да қиындық тудырады, өйткені туристің мұнда қайта оралуы тұрғындарға байланысты. Халқы қонақжай болмаса, қызмет жақсы көрсетілмесе, ішкі туризм де дамымайды. Адамдар саяхатқа эмоция үшін, көтеріңкі көңіл күй үшін барады. Егер сіз керемет қонақ үйге келсеңіз, бірақ қызметкерлер қатқыл, тағамы дәмсіз болса, оған қайта оралуыңыз екіталай», - дейді Жазира Жанкина.

Сонымен бірге, жаңадан құрылған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары да зор туристік әлеуетке ие. Туристік операторлар осы аймақтардың тарихи орындарында жаңа туристік маршруттар құра алады.

«Мен басқаратын KITO агенттігі жұмыс пен тағылымдама бағытынан бөлек, елдегі көрікті орындарға сапар ұйымдастырады, өндірістік туризм бойынша – зауыттарға, сакралды туризм – кесенелерге, dark tourism бағытында – АЛЖИР, Қарлаг музейлеріне барамыз. Сондай-ақ, Қазақстанда Байқоңыр қалашығына турист апаруға рұқсат берілген 8 ұйымның біріміз», - деді ол.

Қазақстанда қонақ үйлерге жұлдыз берілмейді

Туризм маманы Қазақстанға келетін туристер көлемі әлі де аз екенін айтты және заңнамада да реттелуі тиіс мәселелер көп.

«Біз әлі туристердің кім екенін жете түсінбеген сияқтымыз. Турист санын есептейтін жөнді статистика жоқ. Мәжілісте де «Туризм туралы» заңмен жұмыс істедік, әлі де бұл заңның реттелетін тұсы көп. Бір ғана трофейлік аңшылық тақырыбы бір жарым жыл бойы талқыланды. Стандарттар әлі жасалмады. Қонақ үй бизнесіне біліктілік өлшемі қажет. Біздің елімізде отандық қонақ үйлерге жұлдыз берілмейді. Тек қана шетелдік қонақ үй желілері халықаралық жүйемен бағаланып, қандай да бір жұлдызды алады. Бізде де әлемнің қонақ үйлерінен кем түспейтін жақсы жобалар бар, бірақ елімізде стандарттар мен талаптар жазылмаған. Гидтер мен экскурсия жетекшілерінің де ара-жігі ажыратылмады», - дейді Жазира Жанкина.

Спикер елдегі инфрақұрылым мен дәретханалардың жай-күйін және қызмет көрсету сапасын - ішкі туризмнің өзекті мәселесі деп атады.

«Бізде туризм мамандығының өзі он жыл бұрын оқытыла бастады. Мамандық пайда болса да, мамандар тапшы болып отыр. Өйткені, туризмді оқытатын оқытушылардың да біліктілігін тексеру керек. Туризм мамандары халықаралық терминологияны білуі керек. Қонақ үйлердің де, бармен-даяшылардың да өз терминдері бар. Неліктен бізге Rixos, Wyndham Garden секілді шетелдік франшизамен жұмыс істеу ыңғайлы? Өйткені, ондағы қызметкердің 30%-ы – өз стандарттары, аттестациялық сертификаттары бар шетелдік мамандар, барлық схемасы бар», - дейді ол.

Әр аймақтың өз туристері бар

«Әзірге көршілес Ресейден туристер көптеп келеді, өйткені шекаралас елміз. Сондай-ақ, түріктер мен мысырлықтар Қазақстанға келуді ұнатады. Әр аймақтың ерекшелігіне қарай, туристер де өзгеріп отырады. Мысалы, Бурабай аймағы қытайлар мен арабтарға қызықты болады. Ал, норвегиялықтар мен скандинавтықтарды қызықтыра алмаймыз, өйткені мұндай климат пен тау-тас оларда да бар. Араб әмірліктерінде құм мен теңіз бар, сол үшін қазақстандықтар онда жиі барады. Ал олар, керісінше ыстық климат басталғанда салқын ауа райы мен орманды іздейді. Бірақ, бізде көптеген қонақ үйлер шетелдік туристің ерекшеліктерін ескере бермейді. Мысалы, арабтар үшін дәретханаларда дәрет алуға ыңғайлы биде болуы керек. Қытайлық туристерге сорпаны бірінші беруге болмайды, олар сұйық тамақты ең соңынан ішіп үйренген. Шанышқының орнына таяқшалар қою секілді ұсақ нюанстарды да ескеру керек», - деп кеңес берді Жазира Жанкина.

Айта кетейік, былтыр қонақ күту орындары (қонақ үйлер, мейманханалар және т. б.) көрсеткен қызметтер көлемі 109 млрд теңгеге жетті. Бұл 2020 жылға қарағанда 63,1%-ға артық.

Қызметтердің басым бөлігі Алматыда – 27,9 млрд теңгеге көрсетілген. Жылдық өсім - 66,1%. Үздік үштікке елорда (20,3 млрд теңге) және Ақмола облысы (10,5 млрд теңге) кіреді. Ең аз қызмет Қызылорда облысында – 1,1 млрд теңгеге ғана көрсетілген.

Өткен жылы Қазақстанның қонақ үйлері 5,5 млн туристі қабылдаған. Өңірлік бөліністе келушілердің басым бөлігі Алматыда тіркелген, онда 1,2 млн адамға қызмет көрсетілген.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT