Қазақстанда ішкі туризм қалпына келтірілді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы 21 000 үй шаруашылығына сапар шығындары бойынша жалпыұлттық статистикалық зерттеу жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Зерттеуге сәйкес, 9 миллион қазақстандық саяхат жасаған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 12,6%, ал коронавирусқа дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 4,8% артық. Шетелге шыққандар саны 878,8 мың адам, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 8,3%-ға көп, бірақ 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,4 есе аз.

Қазақстандықтар ел ішінде де, шетелге де көбіне жеке мақсатта жол жүреді. Мәселен, Қазақстанда 8,5 миллион адам жеке мақсаттарымен сапарға шықса, оның 4,4 миллионы достары мен туыстарына, 2,3 миллионы демалысқа, 753,4 мың адам дүкен аралауға, т.б. барған.

Шетелге барғандар арасында 741,4 мың адам жеке мақсатта сапарға шықса, оның 390,9 мыңы демалуға, 265,5 мыңы достары мен туыстарына барған, 38,4 мың адам емдеу-сауықтыру шаралары үшін жол жүрді.

527,8 мың қазақстандық азамат – ел ішінде, 137,5 мың азамат шетелге іскерлік және кәсіптік мақсатта барған.

2021 жылы Қазақстанда үй шаруашылықтарының саяхатқа жұмсаған шығыны 524,9 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 31,9%-ға көп, бірақ 2019 жылғы коронавирусқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 13,1%-ға аз. Үй шаруашылығының сыртқы туризм сегментіндегі шығыны 157,6 млрд теңгені құрап, бір жарым есеге жуық өскен. Алайда 2019 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш екі есеге жуық аз.
Соңғы жаңалықтар