Қазақстанда ішкі нарықта өндірілмейтін азық-түлік тауарларын сатып алу тетігі енгізіле ме
2022 жылғы 8 наурыз 17:04

Қазақстанда ішкі нарықта өндірілмейтін азық-түлік тауарларын сатып алу тетігі енгізіле ме

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республикада өндірілмейтін немесе аз көлемде өндірілетін азық-түлік тауарларын сыртқы нарықтарда сатып алу тетігі енгізілмейді. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша ішкі нарықтың отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілуі 80 және одан да көп пайызды құрайды. Бұл ретте, елде өндірілмейтін азық-түлік тауарлары көбінесе азық-түлік тауарларын өндіруге арналған шикізат болып табылатын өнімдермен ұсынылады», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, табиғи-климаттық жағдайларға байланысты Қазақстан экзотикалық жемістер (ананас, банан, апельсин, мандарин, кокос және т.б.), балықтың мұхиттық түрлері және теңіз өнімдері сияқты өнім түрлерін импорттауға мәжбүр.

«Жоғарыда аталған тауарлар бірінші қажеттіліктегі азық-түлік тауарлары болып табылмайды және оларды сатып алу мен өткізу сұраныс пен ұсыныс теңгерімі негізінде нарықпен реттеледі. Ол белгілі бір тетікті енгізуді қажет етпейді», - деді Әлихан Смайылов.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT