Қазақстанда ірі қара мал басының саны қанша

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда ірі қара мал басының саны 8 млн-нан асты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылы мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,6 пайызға артып, 3104,5 млрд теңгені құрады. Қабылданған шаралардың арқасында мал мен құс саны тұрақты қарқынмен өсіп келеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ірі қара мал басы 8,2 млн басты құрады, бұл 2020 жылдың деңгейінен 4,3% артық. Қой мен ешкі басы 4% (20,9 млн бас), жылқы басы 10,5% (3,5 млн бас), түйе басы 6,9%-ға (243,4 мың бас) ұлғайды», - делінген министрлік мәліметінде.

Сонымен қатар, шаруашылықтардың барлық санаттарында құс саны 10,6 пайызға, 47 787,4 мың дейін өсті.

Сәйкесінше, мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде: ет – 5% және сүт - 3,2% ұлғайып отыр.

«Мал азығымен қамтамасыз ету саласында 2022 жылға 24,2 млн тонна шөп, 1,6 млн тонна пішендеме, 2 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,2 млн тонна құнарлы жем дайындалды. Бұл ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтарында мал басын қысқы кезеңге азықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, министрлік облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз етудің жүйелі шараларын пысықтады. Олар 2022-2025 жылдарға арналған жем-шөп өндірісі саласын дамыту жөніндегі Жол картасында көрініс тапты», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.


Соңғы жаңалықтар