Қазақстанда инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Премьер-Министр Асқар Маминның төрағалығымен елімізде инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жүйелі проблемаларды шешу үшін 19 сәуірде жұмыс тобының ұсыныстары негізінде Үкімет «Қазақстан Республикасына шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі шараларды күшейту туралы» қаулы қабылдады. Осы қаулымен шын мәнінде инвестициялар тарту бойынша жұмыстың жаңа жобасы жасалды. Бұл еліміздегі инвестициялық қызметке серпін береді», - дейді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Министрдің айтуына қарағанда, жаңа жобада ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі ауқымды жұмыстар атқаратын болады. Оған стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асырудың ерекше шарттарын ұсыну жөніндегі өкілеттіктер заңнамалық деңгейде бекітілетін болады.

«Бұл инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру үшін қажетті шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Кеңес құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Премьер-Министрдің орынбасары, негізгі министрліктердің (әділет, сыртқы істер, ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика, ауыл шаруашылығы, ішкі істер), Астана халықаралық қаржы орталығының, Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірінші басшылары, сондай-ақ Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары кірді», - дейді министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Әлихан Смайылов Үкімет отырысында елге инвестиция тарту жолындағы кедергілерді атаған болатын.

«Сондықтан, бізге сапалы инвестиция тарту үшін жаңа тетіктер керек. Қолданыстағы механизмдерге талдау жүргізіліп, тиімсіздері белгіленді. Негізгі тұжырым мынадай: қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасында инвестиция саласында инвестицияларды жалпы үйлестіру жоқ. Инвестициялық климатты қалыптастыруда министрліктер, ұлттық компаниялар, әкімдіктер мен басқалар айналысады. Бірақ олар әрқайсысы өз бетімен жұмыс жасайды. АХҚО-да жасалған құралдар пайдаланбайды. Әлемдік инвестициялық қоғам үшін түсінікті форматта ресімделген және ұсынылған тартымды жобалардың саны жеткіліксіз», - дейді Әлихан Смайылов.

Соңғы жаңалықтар