Қазақстанда интернетке қолжетімділік қалай қамтамасыз етіліп жатыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұстанған басты міндеттердің бірі – қазақстандықтардың интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осы орайда қандай проблемалар бар, болашағы қандай? Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Мәлік Серікұлы, Қазақстанда қанша елдімекенді интернетпен қамтамасыз ету қажет?

- Қазақстандықтарды интернетпен қамтамасыз етуде белгілі бір қиындықтар бар. Біріншіден, елдімекендер арасындағы үлкен арақашықтық. Бұл байланыс инфрақұрылымын салу мен қызмет көрсетуді уақыт пен қаржы жағынан қымбат түседі. Екіншіден, халық тығыздығының төмендігі. Кейбір ауылдарда небәрі 50-60 үй ғана бар. Бұл байланыс операторлары үшін бизнесті жүзеге асыру және инфрақұрылымды дамытуда экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

Айта кетсек, бүгінде елімізде 6500-ге жуық елдімекен бар, олардың 116-сы қала, қалғаны ауылдар.

Қазір интернет қолжетімділігі екі негізгі инфрақұрылымдық жоба арқылы жүзеге асырылады. Яғни талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы және мобильді кеңжолақты қолжетімділік инфрақұрылымы. Аталған жобалар 5000-нан астам ауылды интернет желісіне қосуға мүмкіндік берді.

Жерүсті байланыс инфрақұрылымынан неғұрлым алыс орналасқан 1000-нан астам ауыл бар. Ондағы халық саны 250 адамнан аспайды. Сондықтан ол елдімекендерде талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту тиімсіз. Бұл ауылдар үшін біз спутниктік технологиялардың мүмкіндігін қарастырамыз.

Министрлік алдында қазақстандықтарды сапалы интернетпен 100 пайыз қамтамасыз ету міндеті тұр. Аталған міндет «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында іске асырылмақ. Ауыл мен қала арасындағы «цифрлық теңсіздік» мәселесін шешу «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Ең алдымен, цифрлық теңсіздікті жою, интернетке барынша қолжетімділікті және барлық азаматты сапалы байланыспен қамтамасыз ету қажет. Бүгінде сапалы байланыспен қамту жол және электр энергиясы секілді басты қажеттілік».

- Спутниктік технологиялар туралы толығырақ айтып берсеңіз. Қазақстанда қандай технологиялар қолданылып жатыр?

- Қолданылған орбитаға байланысты спутниктік жүйелерді геостационарлық, орта орбитальды және төмен орбитальды деп бөлуге болады. Геостационарлық спутниктер жерден едәуір қашықтықта орналасқан және кең аумақтарды ғарыштық байланыс қызметтерімен қамтамасыз етеді. Геостационарлық ғарыш аппараттарын пайдалану оңай және салыстырмалы түрде арзан. Бірақ оның өз кемшілігі бар. Аталған спутниктік жүйе сигналы 700 милисекундқа дейін кідіруі мүмкін.

Орташа және төмен орбиталық спутниктер сигналдың кідірісін едәуір төмендетеді. Дегенмен технологиялық тұрғыдан күрделі әрі қымбат жабдықтарды қажет етеді.

Қазақстанның екі байланыс спутнигі бар - Қазсат-2 және Қазсат-3. Спутниктер еліміздің барлық аумағында деректермен қатар телехабар таратуды қамтамасыз етеді. Қазақстандық байланыс және хабар тарату спутниктері сондай-ақ ұтқыр байланыс операторларымен кооперацияда шалғайдағы ауылдарға интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін де пайдаланылады. Алайда, бұл спутниктердің ресурстары шектеулі. Сонымен қатар 1000 ауылды интернетпен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан біз орта және төменгі орбиталық спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін мұқият зерттей бастадық.

- Сіз атаған спутниктік жүйелердің артықшылығы неде?

- Егер спутниктер өндірісіне тапсырыстар саны бойынша әлемдік статистикаға жүгінсек, онда шағын спутниктер базасында геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелерін (НГСО) дамытуда тұрақты трендті байқай аламыз. Керісінше, соңғы үш жылда дәстүрлі геостационарлық спутникке тапсырыс айтарлықтай төмендеген.

Әрине, бұл жағдай геостационарлық спутник артта қалды дегенді білдірмейді. Сондықтан біз өз спутниктерімізді геостационарлық орбитада одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасын жақсарту мен шығындар құнын төмендетуге мүмкіндік беретін жетілдірілген технологиялық шешімдерді қолдану арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға тырысамыз. Осылайша, геостационарлық спутник жүйесі қолданыстағы байланыс желілерінің қамту аймағын кеңейте отырып, қосымша қызметті атқарады.

- Қазақстанда қандай геостационарлық емес байланыс спутниктері туралы айтуға болады?

- Біз ең танымал геостационарлық емес жерсеріктік жүйе өкілдері еуропалық Оnweweb, SES және американдық Space X компанияларымен ынтымақтастық туралы келіссөз жүргізудеміз. Қазақстанда аталған жүйелер жұмыс істеуі үшін байланыс және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ұлттық заңнама талаптарын сәйкестендіру керек.

Шалғай ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету міндеті бірнеше мемлекеттік жоспарлау құжатында көрініс тапқанын атап өткім келеді. Алдымен «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы. Оны іске асырумен біз айналысамыз.

- Сіз атаған компаниялармен ынтымақтастықтың нәтижесі бар ма?

- Жыл сайын өтетін «Digital Bridge» цифрландыру жөніндегі халықаралық форум аясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин шетелдік спутниктік компаниялармен ондаған кездесу мен келіссөз өткізді.

Сондай-ақ, аталған форум шеңберінде спутниктік байланыс жүйелері бойынша секция өтті. Онда сала сарапшылары тәжірибе алмасу және жаңа идеялар мен ұсыныстардың пайда болуы үшін геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелерінің мүмкіндіктерін пайдалану мәселесін кеңінен талқылады.

Өткен жылдың соңында серіктестеріміздің қолдауымен геостационарлық емес спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін көрсете алдық. SES және OneWeb компаниялары спутниктердің жұмысын онлайн көрсету арқылы өз тәжірибесін ұсынды. Нәтиже біздің үмітімізді толығымен қанағаттандырды. Яғни ауылдарда интернетпен қамтасыз ету мүмкіндігін растап отыр. Бүгінде Space X компаниясымен келіссөз жүргізу жалғасын табуда.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанда геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелерінің жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр. Алғашқы шара Қазақстанда экономикалық тиімді қызметтерді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін жиіліктерді пайдаланғаны үшін ақы белгілеу. Екіншіден, заңнамалық түзетулер пакетінде біз шалғай орналасқан ауылдарды интернетке қосылуды қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер алған байланыс операторлары үшін радиожиіліктерді пайдаланғаны үшін төлемге 5 жыл мерзімге 90% жеңілдік беру мүмкіндігін ілгерілетудеміз. Аталған талап 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп күтеміз.

- Бұл ауылдардың тұрғындары интернетке қалай қосылады?

- Шалғай ауылдарға интернет жеткізу спутниктік терминалдарды орналастыру арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр. Абоненттер үшін қолжетімділік «соңғы миль» жабдығы - провайдер жабдығынан бастап клиент жабдығына дейінгі арна арқылы ұйымдастырылады. Аталған ауыл тұрғындарының аздығын ескерсек, жобаны іске асыру үшін мемлекеттік қосымша қаржы көзін қажет етеді.

Соңғы жаңалықтар