Қазақстанда интернет алаяқтықтың қандай түрі кең тараған
2022 жылғы 16 тамыз 23:11

Қазақстанда интернет алаяқтықтың қандай түрі кең тараған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде интернет арқылы қандай алаяқтық әрекеттердің жиі жасалатыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде елімізде онлайн сауда платформалары арқылы алаяқтық әрекеттер жиі жасалады. Яғни, тауардың ақысын алдын ала төлеуін сұрайды. Сөйтіп, ақша түскен соң байланыс нөмірін өшіріп немесе бұғаттап тастайды. Биыл 7 айдың ішінде онлайн сауда платформалардың қызметіне қатысты 4 мыңдай қылмыс тіркеліп отыр. Интернет алаяқтықтың келесі кең тараған түрі полиция қызметкерлерінің атын жамылып тұрғындарға хабарласу. Сол арқылы азаматтарға қатысты жеке мәліметтерді білуге тырысады», - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбай «Atameken Business» телеарнасына берген сұхбат барысында.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, елімізде интернет арқылы жалған хабарлама беріп халықты алдау да бар. Аталған алаяқтық әрекет әсіресе Olx.kz-те жиі байқалады.

«Интернет арқылы белгілі бір заттың сатылатынын айтып, суретін жариялайды. Содан соң сатып алушыдан төлемді алдын ала жасауын сұрап, тауарды жеткізіп беретіндігіне сендіреді. Алаяқ төлем түскен соң интернеттегі хабарламаны өшіріп тастайды. Аталған факті бойынша биыл 7 айда 2 мыңдай қылмыс тіркелді», - дейді ол.

Бұған дейін елімізде биыл 7 айдың ішінде 11 мыңдай интернет қылмыстың жасалғаны туралы хабарлаған едік.

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT