Қазақстанда импортты алмастыру жөніндегі кеңес құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан импортты алмастыру жөніндегі кеңес құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде экономикамыз бен отандық кәсіпорындардың деңгейін қалай көтереміз деген сұрақ төңірегінде біршама пікірталас болып жатыр. Қоғамда билікті ойландырып отырған өзекті мәселелер бар. Кейінгі жылдары елде жалпы бюджеттік саладағы мұғалімдер, дәрігерлердің айлығын көтеру мәселесі қаралуда. Бұл – халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы игі бастамалар. Бірақ, ол санаттағы адамдар – бюджет саласында жұмыс істейтін азаматтардың 20 пайызын ғана құрайды. Ал қалған азаматтар шағын немесе үлкен кәсіпорында еңбек етеді. Сондықтан, біздің мақсатымыз – өндірісті көтеру арқылы сонда істейтін азаматтардың әл-ауқатын жақсарту», - деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта АҚШ өндірістің бәрін өзі жүргізуге барлық жағдай жасап жатыр. Сауданың тізгінін ұстаған алып мемлекеттер протекциялық саясат жүргізіп, отандық өндірісін қолдап, қорғауға барын салуда.

«Біз де отандық кәсіпорын мен отандық өндіріске деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуіміз керек. Біріншіден, негізгі табысымызды шикізат саласынан тауып отырмыз. Ал дұрысы шикізат емес, өңдеу саласын дамыту керек. Біздің шикізаттық емес өңдеу саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,5 пайыздан аспайды. Шикізат емес саладағы мекемелер қазір өзінің мүмкіншілігін 45-50 пайыздық деңгейде ғана пайдалануда. Яғни, сұраныстың аздығынан біздің мекемелер аяққа нық тұра алмай, модернизация жүргізу, технологиялық және жұмысшылардың әлеуметтік мәселесін шешу жұмысын орындай алмай отыр», - деді ол.

Осы себепті кейінгі екі жарым жылда «Атамекен» ҰКП Үкіметпен осы мәселені терең талдап, былтыр желтоқсанда импортты алмастыру бойынша ведомтсвоаралық комиссия құрылған.

«Кәсіпкерлеріміз бас біріктіріп, экономикамызды көтеруге атсалысайық деп отыр. Олар «Атамекеннің» басшылығына импортты алмастыру және отандық кәсіпорындарды қолдау жөніндегі кеңесті құру туралы үндеу тастады. Сондықтан, осы үндеуге ризашылығымды білдіріп, қолдаймын. Ақылдаса келе осындай кеңесті құру жөнінде шешім қабылдадық», - деді ол.

Жаңадан құрылатын кеңесті «Alageum Electric»компаниялар тобы бақылау кеңесінің төрағасы Сайдулла Қожабаев басқарады.



Соңғы жаңалықтар