Қазақстанда халықты иммундау бағдарламасын басқаруды жетілдіру ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жаңғыртудың жол картасын әзірлеу керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында денсаулық сақтау проблемаларын талқылау кезінде депутат Жәмилә Нұрманбетова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«QazVac вакцинасына жеке тоқталғым келеді. Қазақстан біздің ғалымдарымыз әзірлеген өз вакцинасы бар әлем елдерінің қатарына енді. Келесі қадам қазақстандық вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мойындауы болып отыр», - деді Ж. Нұрманбетова.

Сонымен қатар ол СЭС-тің өнімді бақылау жөніндегі функциясына қатысты тоқталды.

«Өкінішке қарай, өнім қауіпсіздігі мониторингінің нәтижелері сәйкес келмейтін тауарларды анықтаудың және гендік түрлендірілген организмдері (ГТО) бар өнімдерді әкелудің ұлғайғанын көрсетіп отыр. Осыған байланысты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін қайта қарау және азық-түлік нарықтарын қорғаудың тиімді тәсілдерін қабылдау талап етіледі. Тұтастай алғанда, Санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жаңғыртудың жол картасын әзірлеу қажет деп есептейміз, онда нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге, зертханаларды жаңа жабдықтармен жарақтандыруға, ғимараттар мен құрылысжайларды қазіргі заман талаптарына сай келтіруге, кадрлық әлеуетті күшейтуге және ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді», - деді депутат.

«Бұдан бөлек, халықты иммундау бағдарламасын басқаруды жетілдіру талап етіледі. Вакцинамен еңсерілетін аурулар бойынша егжей-тегжейлі және ситуациялық талдауға негізделген ұзақ мерзімді жоспар әзірлеу ұсынылады. Халықты санэпидемологиялық ахуал туралы анық әрі дұрыс мәліметтермен хабардар ету үшін БАҚ-пен өзара байланысты арттыру да маңызды мәселе болып отыр», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жәмилә Нұрманбетова санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы кемшіліктерді айтты.


Соңғы жаңалықтар