Қазақстанда халыққа берілетін кредиттің көлемі 32,5%-ға ұлғайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде халық жеке игілігі үшін алған кредиттің көлемі 32,5 пайызға артып отыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің өсуі 3-4% құрады. Қаңтар оқиғасынан кейін яғни ақпаннан бастап экономиканың көптеген саласында оң үрдіс байқалды. Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі экономиканың орнықты өсуі үшін қажетті алғышарт жасайды деп күтеміз. Экономикалық белсенділік кредиттеудің көлеміне қарай беки түсті. Мәселен, бірінші тоқсанда экономикаға берілген жаңа кредиттердің көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,3%-ға жоғары. Оның ішінде бизнеске берілген кредиттердің көлемі 19,6%-ға, халыққа берілген кредиттердің көлемі 32,5%-ға ұлғайды», - деді Ғалымжан Пірматов Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында.

Банк басшысының айтуынша, базалық ставканы көтеру кредит беру талабына еш әсер етпейді.

«Бұдан былай банк секторы әлеуетті бірігулер мен қосылуларға, сондай-ақ халықтың тұтынушылық әрекеттен жинақтау әрекетіне ауысуына байланысты қалыптасқан жағдайлар мен өзгерістерге бейімделуін жалғастырады. Экономиканың оң серпіні жағдайында фискалдық саясат арқылы сұранысты қосымша ынталандыру жоспарланып отыр, ол жуық арада проинфляциялық қысымды күшейтеді. Республикалық бюджет шығыстары өткен үш жылда орташа өсу қарқыны 16,7% болған кезде 2022 жылы 23,6%-ға өсіп отыр», - дейді ол.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы инфляцияның өсуін тежеу шараларына қатысты түсінік берді.



Соңғы жаңалықтар