Қазақстанда халықаралық деңгейдегі педагог мамандар даярланады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде алғаш рет халықаралық талапқа сай келетін педагог мамандар даярланады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің оқу орындары базасында Мәскеу инженерлік-физикалық институты, Губкин атындағы ресей мұнай және газ институты студенттер қабылдап жатыр. Қазіргі таңда ғылым және жоғары білім министрілігі Мичиган мемлекеттік университетімен бірге Нұр-Сұлтан қаласында жеке меншік университет құру жұмыстарын жүргізуде. Аталған университет базасында елімізде алғаш рет халықаралық деңгейде педогог мамандар даярланатын болады», - деді Ералы Тоғжанов елордада өтіп жатқан «Адами капитал – жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы» атты ғылым және жоғары білім форумында.

Үкімет басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, үздік университеттерді елімізге тарту – бұл жастарды білім алу үшін елімізде қалдырудың, жас мамандардың шетелдерге кетуін тежеудің тиімді тәсілі.

«Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс мұнымен шектелмеуі тиіс. Барлық ректорлар, оның ішінде жеке меншік жоғары оқу орындары әлемдік үздік университеттермен бірлесе маман даярлау бойынша бастамаларды пысықтауы қажет. Басты міндет - білім сапасын халықаралық деңгейге көтеру», - дейді ол.

Бұған дейін биыл СҚО-да түлектердің 64% отандық оқу орындарын таңдағаны туралы хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар