Қазақстанда Халықаралық бітімгерлер күні аталып өтуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бекіткен Халықаралық бітімгерлер күні 2002 жылдан бастап 29 мамырда аталып өтіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде бұл мереке алғаш рет 2019 жылдан басталды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан бейбітшілік, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық қағидаларына өзінің бейілділігін көрсетуде. Бітімгершілік үрдіске қатысу – бұл мемлекеттің ондаған жылдарға арналған сыртқы саяси стратегиясының мәні.

Қазақстанда бітімгерлік қызметтің тарихы 2000 жылы басталды. Ел Президентінің Жарлығымен қазақстандық бітімгерлік батальоны құрылды. Ал 2003 жылы қарқынды дайындықтан кейін, «Қазбат» әскери қызметшілері АҚШ пен НАТО қолдауымен Ирактағы бітімгершілік операциясына («Иракқа бостандық» операциясына) кірісті.

2003-2008 жылдар аралығында миссияға барлығы 270-тен астам әскери қызметші қатысты. Қазақстанның бітімгерлері минаны залалсыздандыру, суды тазарту тапсырмаларын орындады. Бес жыл ішінде жеке құрам алты айдан он рет ротацияланды.

Қазақстандық мамандар Иракта 4,5 миллионнан астам түрлі оқ дәрілерді – миналарды, зымырандар мен снарядтарды жойып, 6718 текше метр су тазартты. Қазақстандық әскери дәрігерлер американдық «Дельта» базасы медициналық тобының құрамында жұмыс атқарды. Олар негізінен террорлық шабуылдардан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.

2015 жылы «Қазақстан Республикасының бітімгерлік қызметі туралы» Заңы қабылданды. Бұл заң еліміздің Қарулы Күштері ұлттық контингентінің бітімгерлік операцияларға қатысуын реттеудегі мемлекеттің міндеттері мен құзыреттерін айқындайды.

2018 жылы Қазақстан мен Үндістан арасындағы қол қойылған меморандумға сәйкес Қазақстандық бітімгерлер ротасы алғаш рет БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына қатысты. Қазақстандық бітімгерлер Израильмен шекарада жергілікті жерді патрульдеу, бақылау бекеттерін ұйымдастыру, оқ атпауды бақылау міндеттерін атқарды.

Бүгінде Ливанда бесінші ротацияның бітімгерлік контингенті қызмет атқаруда. Бұдан өзге, Батыс Сахарада бес әскери қызметші бақылаушы қызметінде.

Қазақстанның бітімгерлік қызметі халықаралық қоғамдастыққа қарулы қақтығыстардың алдын алуға және оларды тоқтатуға жәрдемдесуге арналған.

Бітімгерлер жұмысының негізгі қағидалары – заңдылықты, халықаралық құқық нормаларын, тепе-теңдік пен тыныштықты сақтау, жергілікті халықтың салт-дәстүрін құрметтеу.


Соңғы жаңалықтар