Қазақстанда халық сайлауға аса үлкен жауапкершілікпен қарайды - халықаралық байқаушы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауында Ақмола облысы бойынша жұмыс істеген халықаралық байқаушылар өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифингке Қазақстандағы Татарстан Республикасының құзыретті өкілі Денис Валеев, Татарстан Республикасы Президентінің Сыртқы байланыс департаменті директорының орынбасары Марат Бектеміров, қоғамдық-саяси және коммерциялық ұйымдармен байланыс бойынша бөлімнің бас кеңесшісі Александр Маратканов қатысып, байқаушы ретіндегі ой-пікірін бөлісті.

Татарстандық байқаушылар Ақмола облысының бірқатар өңірінде болып, сайлауда халықтың белсенділігін байқаған.

«Көкшетау қаласы, жалпы, Ақмола облысында өткен сайлау оң әсер қалдырды. Біз өңірдегі 10 сайлау учаскесінде болдық. Сонда байқанымыз - санитарлық шектеулер және демалыс күніне қарамастан дауыс берушілер өте белсенді болды. Тіпті, біз болған сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің легі бір толастамады. Байқағанымыздай сіздерде тұрғындар сайлауға аса үлкен жауапкершілікпен қарайды екен. Адамдардың көңіл-күйі көтеріңкі болды», - деді Денис Валеев.

Сонымен қатар, делегация өңірде өтіп жатқан Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы Қазақстан Республикасының заңнамасына, мемлекет қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес болғанын атап өтті.

«Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына күмән келтірерліктей ұлттық заңнаманың бұзылуы тіркелген жоқ», - деді Александр Маратканов.

Татарстан Республикасы Президентінің Сыртқы байланыс департаменті директорының орынбасары Марат Бектеміровтің пікірі де әріптестерінікі сияқты бір жерден шықты.


Соңғы жаңалықтар