Қазақстанда ғылыми институттарды қаржыландыру ережесі әзірленіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде ғылыми мекемелерді іріктеу мен қаржыландыру ережесі әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде ғылыммен айналысатын институттарды қаржыландырылу мәселесі де бар. Бұл алдымен әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерге қатысты. Яғни тіл, тарих, мәдениет, әдебиет, философия, археология саласындағы ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру мүмкіндігі. Аталған сала бойынша зерттеу жобалары аздықты құраса да, оның ел болашағы мен ұлттық бірегейлікті сақтап, дамытуда маңызы зор. Сондықтан да олар тікелей мемлекеттік қолдауды талап етеді. Бұл туралы былтыр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырған болатын. Алайда бұл мәселені ғылым туралы заңнаманы өзгертпей шешу мүмкін емес еді», - деді Жанна Құрманғалиева ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде ғылыми мекемелерді қаржыландыру ережесі әзірленіп жатыр

«Мемлекет басшысы нақты тапсырма берді және ол өзекті. Осы орайда бүгінде біздің министрлік ғылыми институттарды іріктеу мен қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуге кірісті. Әрине бұл жұмыс бүкіл ғылыми қауымдастықпен бірлесе жүргізілетін болады», - дейді ол.

Сондай-ақ, комитет басшысы елімізде ғылымды гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесі оң шешім тапқанын жеткізді. Бұған дейін Ж.Құрманғалиева отандық ғалымдар орташа қанша жалақы алатынын айтты.



Соңғы жаңалықтар